Балалар мерекесі қарсаңында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы әлеуметтік бастама көтеріп, Астана қаласындағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығында ем қабылдап жатқан бүлдіршіндерге арналған мерекелік іс-шара өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ізгі шара балаларға шаттық сыйлап, олардың жүздеріне күлкі ұялатуды мақсат етті. Оған Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, орталық қызметкерлері, ата-аналар мен балалар қатысты.
Іс-шара барысында Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабековтің атынан медициналық орталыққа және онда ем алып жатқан бүлдіршіндерге түрлі сыйлықтар табысталды.
Арнайы ұйымдастырылған мерекелік бағдарламада құқықтық тәртіп әскерінің үлгілі-көрсетілім оркестрі көрермендердің зор қошеметіне бөленді. Әсіресе, әскери оркестрдің «Қуырмаш», «Қошақаным» секілді туындыларды, сондай-ақ балалар арасында кеңінен танылған шетелдік шығармаларды орындауы бүлдіршіндерге ерекше әсер сыйлады. Бұдан бөлек, көпшілік алдында Ән-би ансамблі де өнер көрсетті. Бұл концерт ем қабылдап жатқан балалар үшін күтпеген әрі қуанышты сый болды.
Сонымен қатар балалар мен ата-аналар қару-жарақтың, брондалған және жеке қорғаныс құралдарының көрмесін тамашалады. Қонақтар әскери техникамен жақын танысып, естелік суреттерге түсу мүмкіндігіне ие болды.
Осылайша, Балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шара бүлдіршіндердің жүздеріне қуаныш сыйлап, оларға жарқын әсер қалдырды.
Айта кетейік, Ұлттық ұлан осындай іс-шаралар арқылы өскелең ұрпақты Отанды құрметтеуге шақырып, патриоттық рухта тәрбиелеуді дәстүрге айналдырған. Мұның дәлелі ретінде оркестрдің бұған дейін жүзеге асырған Guard Next жобасын атауға болады.