Алматыда Балаларды қорғау күніне орай инновациялық шығармашылық орталығы ашылды

Бүгін, 14:45 / Дана Ізтілеуова
gov.kz

Алматыдағы Саялы шағынауданында «ЖІГЕР» инновациялық шығармашылық және оқушыларды дамыту орталығы жұмысын бастады. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған салтанатты ашылу рәсіміне Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қатысты., деп хабарлайды turkystan.kz.

Қосымша білім беруге арналған жаңа нысан қаладағы балалардың білім алуына, шығармашылықпен айналысуына, спортпен шұғылдануына және жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін ең ірі заманауи орталықтардың біріне айналды. Жоба жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Кешеннің жалпы аумағы 10,6 мың шаршы метрден асады, ал жобалық қуаттылығы екі ауысымда күніне 1350 балаға дейін қабылдауға мүмкіндік береді.

Орталықта қосымша білім берудің сұранысқа ие бағыттары бойынша барлық жағдай жасалған. Мұнда оқушылар робототехника, электроника, радиобайланыс, 3D модельдеу және прототиптеу кабинеттерінде білім ала алады. Сонымен қатар FABLAB зертханасы, бейнелеу өнері, музыка, хореография және медиа шығармашылық студиялары жұмыс істейді.

Балалардың зияткерлік дамуына да ерекше көңіл бөлінген. Орталықта планетарий, оқу залы, шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ секілді үстел ойындарына арналған кабинеттер, сондай-ақ жобалық және зерттеу жұмыстарына бейімделген заманауи білім беру кеңістіктері қарастырылған.

Спорттық және инклюзивті бағыттар да кешеннің маңызды бөлігіне айналды. Мұнда бассейн, бокс, күрес, дзюдо, таэквондо және каратэ залдары жабдықталған. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін сенсорлық бөлме, психолог, логопед және дефектолог кабинеттері, арнайы бассейн мен психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету кеңістіктері ашылған.

Орталықтағы тағы бір маңызды бағыт — экологиялық және агротехнологиялық білім беру. Осы мақсатта жылыжай, агромәдениет, бағбандық және аквапоника кабинеттері жасақталып, оқушылар тұрақты даму

дың заманауи технологиясымен таныса алады.

Жаңа орталықтың ашылуы Алатау ауданы тұрғындары үшін көптен күткен қуанышты оқиға болды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Омарқазы Болатбаевтың айтуынша, «ЖІГЕР» балалардың дамуы мен өзін-өзі танытуына жаңа мүмкіндік береді.

«Мен осы шағынауданда көп жылдан бері тұрамын. Бүгін барлық тұрғын секілді балаларға арналған үлкен шығармашылық орталығының ашылғанына ерекше қуанып отырмын. Мұнда спортпен айналысуға, шығармашылықты дамытуға және жаңа дағдыларды меңгеруге толық жағдай жасалған. Бұл бүкіл аудан үшін маңызды әрі көптен күткен оқиға», — деді ол.

Көпбалалы ана Нұржамал Түменбаева да жаңа орталықтың отбасылар үшін аса қажет екенін айтты.

«Біздің ауданда осындай орталықтың ашылғанына өте қуаныштымыз. Балаларымыз үшін осындай мүмкіндік жасағандарыңызға алғыс айтамын. Бұл жер балалардың жаңа білім алып, қабілетін дамытып, уақытын тиімді өткізетін маңызды орталыққа айналатынына сенемін», — деді ол.

Жаңа нысанға оқушылардың өздері де оң бағасын берді. Оқушы Ақниет Тоқсамбай орталықтың алғашқы күннен ерекше әсер қалдырғанын айтты.

«Бүгін бізді орталықтың ашылуына шақырды. Алғашқы сәттен-ақ оның заманауи, жарық әрі өте әдемі екенін байқадым. Мұнда түрлі бағыттағы үйірмелер көп және қабілетімізді дамытуға барлық жағдай жасалған», — деді ол.

Ал Айша Тоқсамбаева жаңа орталықтағы ерекше атмосфераны атап өтті.

«Бүгін орталықтың ашылуына қатысып, ерекше әсер алдым. Есіктен кіргеннен-ақ жылы атмосфера сезіледі. Барлығы ұқыпты әрі әдемі жасалған. Әр бөлме өзінше қызықты, назарды бірден аударды», — деді оқушы.

Алтыншы сынып оқушысы Аяла Оралбай орталықтың ашылу күні ұйымдастырылған көрмеге қатысқанын айтты.

«Бүгін көрмеде өзім жасаған Алматы қаласының макетін таныстырдым. Болашақта «ЖІГЕР»орталығында білім алып, үлкен тәжірибе жинағым келеді», — деді ол.

«ЖІГЕР» орталығының ашылуы Алматыдағы білім беру инфрақұрылымын дамыту және жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Соңғы бір жыл ішінде Алматы әкімінің тапсырмасымен қалада 40 мыңға жуық орынға арналған 37 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Олардың қатарында жаңа мектептер, балабақшалар, қосымша білім беру орталықтары мен колледждер бар.