Жетісуда еліктерді заңсыз аулаған азамат ұсталды

Бүгін, 14:06 / Алуа Арман
polisia.kz

Жетісу облысының полицейлері Алакөл ауданында сібір еліктерін заңсыз аулау фактісінің жолын кесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдіктінің жабайы жануарларды аулауға тиісті рұқсаты болмағаны анықталды. Соған қарамастан, ол заңды түрде тіркелген ойық ұңғылы қаруды пайдаланып, еліктерге бірнеше рет оқ атқан. Заңсыз аңшылық салдарынан екі сібір елігі ауланған. Күдікті жануарларды бөлшектеп жатқан сәтте оқиға орнында қолға түсті.

Жетісу облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, мемлекетке келтірілген материалдық шығын көлемі 3,2 миллион теңгеден асқан. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, материалдар мәні бойынша қарау үшін прокуратураға жолданды.

Полиция азаматтарды табиғат қорғау заңнамасының талаптарын сақтауға шақырып, заңсыз аңшылық жануарлар дүниесіне елеулі зиян келтіретінін еске салды. Сонымен қатар мұндай құқық бұзушылықтар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Тэгтер:

Жетісу елік аң аулау