Астанада қайғылы жағдай болды

Бүгін, 19:37 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Астана қалалық полиция департаменті Сарайшық көшесі, 7/1 мекенжайында төрт жасар баланың екінші қабаттың терезесінен құлағанын растады.

Полиция мәліметінше, бүлдіршін алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.

Баланың терезеден құлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, – деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Айта кетейік, осыдан екі күн бұрын Астанада тағы бір төрт жасар бала жетінші қабаттың терезесінен құлап кеткен болатын. Қыз бала москит торымен бірге құлап, оқиға орнында қаза тапқан.

Құтқарушылар мен дәрігерлер москит торлары баланың салмағын көтере алмайтынын және жалған қауіпсіздік сезімін тудыратынын үнемі ескертіп келеді.

Мамандар ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауды, бала бар кезде терезені ашық ұстамауды, москит торына сенбеуді, терезелерге арнайы бекіткіштер мен блокираторлар орнатуды, сондай-ақ балалар өздігінен терезеге жақындай алмауы үшін жиһазды терезе маңынан алысырақ орналастыруды тағы да еске салды.