Олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосынов халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды

Бүгін, 22:31 / Жамбыл Жайлау
Ben McShane/Getty Images

Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған халықаралық турнирде жеңіске жеткеннен кейін әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов құрметіне арналған халықаралық турнирдің чемпионы атандым.

Кезекті еңбек — кезекті нәтиже. Кезекті сынақ — кезекті жеңіс.

Бұл спорт оңай жол емес. Кейде жеңесің, кейде қателік көресің. Бірақ нағыз мықтылық – соққыдан кейін қайта тұрып, алға жылжи беру. Біз де әр жекпе-жектен сабақ алып, қателіктермен жұмыс жасап, одан сайын күшейе түсеміз.

Еңбек тоқтамайды. Алда бұйырса бұдан да үлкен белестер бар. Қолдау білдіріп жүрген барша жанға рахмет", – деп жазды Сәкен Бибосынов Instagram парақшасында.

Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир – жыл сайын Алматыда, Орталық спорт клубы армиясының базасында өтетін беделді жарыстардың бірі. Биыл турнир 26-29 мамыр аралығында өтті.

Сәкен Бибосынов – екі дүркін әлем чемпионы. Ол 2021 және 2025 жылдары әлем біріншілігінде топ жарған. Сондай-ақ оның еншісінде Токио Олимпиадасының қола жүлдесі, 2019 жылы Екатеринбургте өткен әлем чемпионатының және 2021 жылғы Азия чемпионатының қола медалі бар.

Тэгтер:

Сәкен Бибосынов