Енді кей елдерде әйелдер де әскерге міндетті түрде шақырылады

Бүгін, 21:07 / Жамбыл Жайлау
Adam Berry/Getty Images

Эстонияда алдағы 15 жыл ішінде әйелдер үшін міндетті әскери қызмет енгізілуі мүмкін. Бұған әскерге шақырылатын жастағы ер азаматтар санының азаюы себеп болып отыр, деп turkystan.kz тілшісі TVP World басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ел билігі әйелдерді де міндетті әскери қызметке тарту мәселесін қарастырып жатыр. Мұндай қадам туу көрсеткішінің төмендеуі және болашақта әскерге шақырылатын азаматтардың жетіспеуі мүмкін деген қауіптен туындаған.

Эстонияның Қорғаныс ресурстары агенттігінің басшысы Ану Раннавескидің айтуынша, 2040 жылға қарай ел жыл сайынғы әскерге шақыру жоспарын орындауда қиындыққа тап болуы ықтимал.

Оның сөзінше, бұрын Эстонияда жыл сайын 15 мыңға дейін ұл бала дүниеге келсе, қазір бұл көрсеткіш 4-5 мыңға дейін азайған. Соның салдарынан болашақта армияны жасақтауға ер азаматтар жеткіліксіз болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта Эстонияда міндетті әскери қызмет тек ер адамдарға қатысты. Ал әйелдер әскерге өз еркімен бара алады. Дегенмен Раннавески әйелдерді міндетті түрде әскерге шақыру мәселесі енді "мүмкін бе?" деген сұрақтан гөрі "қашан енгізіледі?" деген сұраққа айналып келе жатқанын атап өтті.

Билік бұл нұсқаны Украинадағы соғыс басталғалы бері қорғаныс саласына ерекше көңіл бөлініп отырған кезеңде қарастырып жатыр.

Тэгтер:

эстония