Аршалыдағы Ұлттық ұлан сарбаздарына құрмет көрсетілді

Бүгін, 19:36 / Дана Ізтілеуова

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6636 әскери бөлімінің Ақмола облысына қарасты Аршалы ауданында орналасқан жеке атқыштар ротасында запасқа шығарылған сарбаздарға арналған салтанатты құрмет көрсету кеші өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шара барысында әскери борышын абыроймен атқарып, Отан алдындағы міндетін адал орындаған сарбаздарға әскери бөлім командирі полковник Ерлан Буранбаевтың атынан грамоталар табысталды. Әсіресе, қызметте тәртіп пен жауапкершілік танытқан үздік жауынгерлер алғыс хаттарға және арнайы марапаттарға ие болды.

Салтанатты жиында әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Нұрлан Башенов сөз сөйлеп, сарбаздарға командирдің ризашылығын жеткізді.

– Сіздер әскери қызмет барысында Отан алдындағы борыштарыңызды абыроймен атқарып, бөлімнің қоғамдық өміріне белсенді араластыңыздар. Ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолындағы қызметтеріңіз үшін шынайы алғыс білдіреміз. Алдағы азаматтық өмірлеріңізге сәттілік, зор денсаулық және толағай табыс тілеймін, – деді подполковник Нұрлан Башенов.

Кеш барысында ротаның өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. 

Мұндай тағылымды шаралар жас сарбаздардың бойындағы патриоттық рухты нығайтып, әскери қызметтің мәртебесін арттыруға ықпал етеді.