Өлі теңіз жер бетінен жоғалып барады

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Израиль, Иордания және Палестина аумақтарының түйіскен жерінде орналасқан Өлі теңіз экологиялық апаттың алдында тұр. Ғалымдардың мәліметінше, су айдынының деңгейі жыл сайын шамамен 1,2 метрге төмендеп, жағалау сызығы 7,5 метрге шегініп келеді, деп хабарлайды turkystan.kz CNN-ге сілтеме жасап.

Өлі теңіз әлемдегі ең тұзды су айдындарының бірі саналады. Оның тұздылығы мұхит суынан шамамен он есе жоғары болғандықтан, адамдар су бетінде еркін қалқып жата алады. Алайда соңғы онжылдықтарда теңіздің көлемі күрт азайып барады.

Мамандардың айтуынша, басты себептердің бірі – Өлі теңізді қоректендіретін Иордан өзеніндегі су көлемінің азаюы. Бұрын теңізге жыл сайын шамамен 1,3 миллиард текше метр су құйылса, қазір бұл көрсеткіш небәрі 100 миллион текше метрге дейін қысқарған. Бұған өзендерге салынған бөгеттер әсер еткен.

Сонымен қатар пайдалы қазбаларды өндіру де су деңгейінің төмендеуіне ықпал етуде. Өткен ғасырдың 70-жылдарының соңында Өлі теңіз екі бөлікке бөлініп, оңтүстік бөлігінде минерал өндіруге арналған буландыру бассейндері пайда болды. Кәсіпорындар солтүстік бөліктен суды айдап, булану нәтижесінде қалған минералды тұздардан калий мен магний өндіреді.

Климаттың өзгеруі де жағдайды ушықтырып отыр. Ауа температурасының көтерілуі мен жауын-шашынның азаюы теңіздің тартылуын жылдамдатуда. Су көлемі азайған сайын тұздылық артып, теңіз түбінде ерекше пішіндегі тұз кристалдары түзіледі.

Судың шегінуі тағы бір қауіп тудырып отыр. Топыраққа сіңген тұщы су тұз қабаттарын ерітіп, жер астында қуыс кеңістіктер қалыптастырады. Соның салдарынан жағалау маңында карстық шұңқырлар пайда болуда. Қазір олардың саны 6 мыңнан асып кеткен. Сондықтан кейбір жағажайлар қауіпсіздік мақсатында жабылған.

Ғалымдар теңізді сақтап қалу үшін шұғыл шаралар қажет екенін айтады. Ұсыныстардың бірі – Қызыл теңізден су тарту. Алайда бұл жоба аса қымбат болғандықтан әлі жүзеге асқан жоқ. Сондай-ақ Иордан өзенінің ағысын қалпына келтіру мәселесі де қарастырылуда. Дегенмен сарапшылар Өлі теңізді бұрынғы қалпына келтіру мүмкіндігі жылдан жылға азайып бара жатқанын ескертеді.

Тэгтер:

Өлі теңіз