Ресейдің Мәскеу қаласының тұрғыны саяхатта жүріп безгек ауруын жұқтырып, жансақтау бөліміне түсті. Бұл туралы Shot Telegram-арнасы жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.
37 жастағы Иван мен оның жұбайы Надежда Ресейге оралғаннан кейін көп ұзамай ер адамның жағдайы күрт нашарлаған. Оның дене қызуы көтеріліп, қатты әлсіздік, буындардың ауруы, қалтырау және қатты терлеу белгілері пайда болған.
Алғашында ерлі-зайыптылар мұны күн өтуінің салдары деп ойлаған. Себебі Иван сапар кезінде ұзақ уақыт күн астында жұмыс істеп, кейін моншаға барған. Сондықтан олар дәрігерге бірден жүгінбеген.
Алайда жағдайы жақсармаған соң дәрігерлерге қаралған. Тексеруден кейін терапевт науқасты шұғыл түрде ауруханаға жатқызуды талап еткен. Қазіргі уақытта ер адам ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр.
Дәрігерлер оған безгек (малярия) диагнозын қойған. Бұл ауру жұқтырған масалардың шағуы арқылы таралады және көбіне Африка, Азия мен Оңтүстік Америка елдерінде кездеседі.
Мамандардың айтуынша, безгектің алғашқы белгілері тұмауға ұқсас болады: дене қызуы көтеріліп, әлсіздік пен буын ауруы байқалады. Алайда дер кезінде емделмесе, науқастың жағдайы күрт нашарлап, өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Алдын ала мәлімет бойынша, жұқтыру Занзибардағы демалыс кезінде болған. Ерлі-зайыптыларды масалар жиі шаққанымен, олар сапар алдында безгектің алдын алуға арналған дәрілерді қабылдамаған. Өйткені аралда ауру тарататын масалар жоқ деген ақпарат алған.