Қарағанды қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы» КМК жүргізушісіне қатысты істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылғы 16 ақпанда жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі қосулы жарқылдақ шамдарымен Қарағанды қаласындағы Магнитогорская көшесімен келе жатқан.
Магнитогорская мен Открытая көшелерінің реттелетін қиылысында жүргізуші арнайы көлікке берілетін артықшылықты пайдаланып, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен. Алайда ол жол қозғалысына қатысушылардың өзіне жол беріп тұрғанына көз жеткізбегендіктен, жеңіл автокөлікпен соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі көлік те механикалық зақым алған. Жеңіл көліктің жүргізушісі мен салонда отырған бала жеңіл жарақат алды.
Жедел жәрдем жүргізушісінің кінәсі бейнежазба, лауазымды тұлғаның, жәбірленушінің түсініктемелері және іс материалдарымен дәлелденді.
Сот Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 610-бабының 2-бөлігі бойынша 173 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салу туралы шешім шығарды.