Неліктен саусақты суға ұзақ салсаң, жиырылып қалады? – зерттеу

Бүгін, 04:00 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Бірнеше минут жылы ваннада болғанда, қолымыз бен аяғымыздағы тері танымастай жиырылып қалады. Ұзақ уақыт бойы ғалымдар неге бұлай болатынын толық түсінбей келді, бірақ бүгінде оның себебі дәлелденген, деп хабарлайды turkystan.kz сайты techinsider.ru-ға сілтеме жасап. 

Көп адам тері су сіңіп ісініп, сондықтан жиырылады деп ойлайды. Алайда 1930 жылдары ғалымдар аталған құбылыс ағзаның еріксіз (вегетативті) жүйке жүйесінің реакциясы екенін дәлелдеген. Егер адамның жүйкелері зақымданған болса, оның терісі ваннада да, бассейнде де өзгермейді.                   

Дегенмен процесті түсінгенімен, ғалымдар оның не үшін керек екенін ұзақ уақыт бойы түсіндіре алмады. 2011 жылы эволюциялық нейробиолог Марк Чангизи және оның әріптестері бұл жиырылу вегетативті жүйке жүйесімен байланысты болғандықтан, оның эволюциялық қызметі болуы мүмкін деген болжам жасады. Ғалымдар сондай-ақ «әжімденген» саусақтардағы өрнектер дренаждық жүйеге ұқсайтынын байқады.

Сондықтан олар эксперимент жүргізді: қатысушылардан құрғақ және ылғалды заттарды «тегіс» және «әжімденген» саусақтармен ұстау сұралды. Нәтижесінде, ылғалды заттарды әжімденген саусақтармен тезірек ұстауға болатыны анықталды, ал құрғақ заттарда айырмашылық байқалмады. Осылайша ғалымдар су ішіндегі әжімденген тері ылғалды ортада жақсырақ ұстауға көмектеседі деген қорытындыға келді.