Баласына қарап болашағын таны

Бүгін, 15:15 / Túrkistan Gazeti
ашық дереккөзден

Қазақстанның болашағы туралы айтқанда, біз көбіне экономика, цифрландыру, инвестиция немесе геосаясат жайлы сөз қозғаймыз. Бірақ елдің ертеңін айқындайтын ең басты көрсеткіш – баланың жағдайы екені жиі назардан тыс қалып жатады. Себебі бүгінгі баланың денсаулығы, білімі, қауіпсіздігі мен мүмкіндігі – ертеңгі қоғамның сапасын анықтайтын негізгі өлшем. Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) 2025 жылғы есебі осы шындықты тереңірек сезінуге мүмкіндік береді. Біз осы мақаламызда аталған есепті шолып, маңызды тұстарына үңілдік. Сонымен қатар еліміздегі балаларға қатысты мемлекет саясатына тоқталып өттік.

Аш бала тоқ баламен ойнамайды

Кейінгі жылдары Қазақстан балалар саясатына қатысты ауқымды ре­фор­­маларға кірісті. Денсаулық сақтау, бі­лім беру, әлеуметтік қорғау, цифрлық қауіп­сіздік пен зорлық-зомбылықтың ал­дын алу салаларында жаңа бастамалар қол­ға алынды. Мемлекет бытыраңқы ше­шімдерден жүйелі әрі құқыққа негізделген сая­сатқа көшуге талпынып отыр. Бір қа­ра­ғанда, жағдай жаман емес. Ел эконо­ми­ка­сы өсіп келеді. ЖІӨ 6,3 пайызға артқан. Ин­вестиция көлемі де ұлғайған. Гендерлік теңсіздік индексінде Қазақстан 172 елдің ішінде 50-орынға көтерілген. Нәресте өлі­мі азайып, мектептегі тамақтану жүйесі жаңарып жатыр. Миллионнан астам бала жақ­сартылған әлеуметтік қызметтермен қам­тылған. Алайда осы өсімнің көлең­кесін­де елеусіз қалып отырған шындықтар бар.
2025 жылы Қазақстандағы балалардың 7,2 пайызы кедейлік шегінен төмен өмір сүр­ген. Ауылдағы балалар арасындағы ке­дей­­­лік деңгейі тіпті 10 пайызға жеткен. Әсі­­ресе, табысы төмен отбасылардағы ба­­­­­лалар сапалы білім мен мектепке дейінгі тәр­биеге қол жеткізуде қиындық көруде. Бай мен кедейдің арасындағы алшақтық ең алдымен баланың тағдырынан бай­қа­лады. Ауқатты отбасындағы бала балабақ­ша­ға барып, дамытушы орталықтарға қа­­тысып, цифрлық технологияны еркін қол­данса, ауылдағы немесе әлеуметтік осал отбасындағы бала кейде таза ауыз­су­ға, интернетке, тіпті қарапайым дамытушы ор­таға толық қол жеткізе алмай отырған жағ­дайлар бар. 

Туу көрсеткіші төмендеп барады

Қазақстанда соңғы он жыл ішінде ба­ла­лар саны 1,5 миллионға артты. Бүгінде ел­де 6,9 миллионға жуық бала өмір сүріп жа­тыр. Бұл – халықтың үштен бірі.  Бір­не­ше жылдан бері жаңа туған сәбилердің са­ны азайып барады: 2021 жылы 446,5 мың, 2022 жылы 403,9 мың, 2023 жылы 388,4 мың, ал 2024 жылы 365,9 мың сәби дү­ниеге келді. Елде кейінгі жылдары бала туу көрсеткішінің төмендеуі тұрақты си­пат алуда. Туу коэффициенті  халықтың әр 1 000 адамға шаққандағы туу көрсеткіші де төмендеу үрдісін көрсетіп отыр. 2025 жыл­дың бірінші тоқсанында бұл көрсет­кіш 15,4, ал бір жыл бұрын 18,3 болды. БҰҰ-ның болжамды деректеріне сәйкес ал­дағы он жылда Қазақстандағы туу көр­сет­кіші одан әрі төмендей беруі мүмкін. Сарап­шылар берген баға бойынша 2024 жы­лы Қазақстанда туу коэффициенті 
1 000 адамға шаққанда 19,5 құрады, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 1 000 адамға шақ­қанда 19 нәрестеге дейін азайған. 2034 жыл­ға дейін туу деңгейі біртіндеп тұрақты түр­де төмендеп, 17,6-ға дейін төмендейді деп күтілуде. Демек, егер Қазақстан тиімді шаралар қабылдамаса, еліміз елеулі де­мографиялық қиындықтарға тап болуы мүмкін.
«Қазақстан балалары» сайтында беріл­ген деректерге сәйкес туу көрсеткішінің төмендеуінің басты себептерінің бірі – елдегі экономикалық жағдай. Тұрғын үй, білім беру және медициналық қызмет­тер­дің қымбаттауы себебінен бала өсіру от­ба­сыларға ауыр соғуда. Көптеген отбасы қар­жылық жағдайлары тұрақталғанша, бала сүюді кейінге шегеріп қояды. Бұған қо­са әлеуметтік ұстанымдар да өзгерді. Мә­селен, көптеген жас отбасын құруды кейін­­­ге қалдырып, мансап пен өзін-өзі да­мытуды таңдайды. Әйелдер алдымен жо­ғары білім алып, кәсіби жетістікке же­туді жөн көріп, содан кейін ғана бала сүю туралы ойланатын болды.
Есептің ең ауыр бөлімдерінің бірі – ­жасөспірімдердің психикалық ден­саулығына қатысты деректер. Қазақ­стан­дағы жасөспірімдердің 16,6 пайызы депрессия немесе төмен психологиялық әл-ауқат белгілерін көрсеткен. Ал суицид әлі де 10-24 жас аралығындағы жастар өлімінің негізгі себептерінің бірі болып отыр. Осы ретте ЮНИСЕФ пен Үкімет мек­тептердегі буллинг пен суицидтің алдын алуға бағытталған ұлттық жоспар әзірлеп жатыр. Психологиялық қызметтер күшейтілуде.  Бірақ ең маңызды өзгеріс – қоғамның санасында болуға тиіс. Баланың жан жарасын байқамаған қоғам ертең үлкен әлеуметтік дағдарысқа тап болуы мүмкін.

«Қазақстан балалары»

Жоғарыдағы біз келтірген есептер мем­лекеттің кешенді жұмыс істеу керек еке­нін меңзегендей. Себебі көп жыл бойы балаларға қатысты саясат түрлі министр­ліктер мен бағдарламалардың арасында шашыраңқы күйде келді. Бір ведомство білім мәселесін көтерсе, екіншісі денсау­лықты, үшіншісі әлеуметтік қорғауды қарас­тырды. Бірақ бала тағдыры бөлшек­тенбейді.  Биыл 27 қаңтарда Үкімет оты­ры­сында бекітілген «Қазақстан балалары» 2026–2030 жылдарға арналған тұжырым­дамасы – осы бағыттағы ең ауқымды құжаттардың бірі болды. Енді мемлекет алғаш рет баланың өмірін кешенді түрде қарастыруға көшіп отыр. Құжат алғаш рет балалардың қауіпсіздігі, білім алуы, денсау­лығы, әлеуметтік қорғалуы мен отбасы институтына қатысты барлық мемлекеттік іс-шараларды бір жүйеге біріктірді. Бұл жай ғана кезекті бағдарлама емес. Бұл – ел­дің болашағына қатысты стратегиялық құжат.
Құжат төрт негізгі бағытты қамтып отыр. Атап айтсақ,  балалардың қауіпсіздігі, са­палы білім алу құқығы, денсаулық сақ­тау және әлеуметтік қорғау. Тұжырым­дама­ның орындалуы 158 нақты іс-шара арқылы жүзеге асады. Оның тиімділігі 10 негізгі индикатор бойынша бағаланады.
Мәселен, қазіргі қоғамдағы ең ауыр мәселелердің бірі – балаларға қатысты зорлық-зомбылық. Кейінгі жылдары елде тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг, кибербуллинг пен жасөспірімдер арасын­дағы психологиялық дағдарыстар жиілеп кеткені жасырын емес. Әсіресе, әлеуметтік желінің ықпалы күшейген сайын баланың психикасына түсетін салмақ арта түсті. Осыған байланысты жаңа тұжырымдамада қауіпсіздік мәселесіне ерекше басымдық берілген. Елімізде бүгінде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Бар­лық мектептерде қауіпсіздік сабақтары енгізілген. «111» байланыс орталығы іске қосылған. Бұл – маңызды бастамалар. Алайда мәселенің ауқымы мұнымен шек­тел­мейді. Құжат аясында зорлық-зомбы­лықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын кеңейту, тәуекелдерді ерте анықтайтын цифрлық құралдарды енгізу, психологиялық сүйе­мелдеуді күшейту жоспарланған.

Түйін: 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұл-қыздарымыздың парасатты және жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтардың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау әрдайым мемлекеттің басты басымдығы саналады. Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан еліміздегі әрбір жеткіншектің мейірім мен қамқорлыққа бөленіп, үлкеннің қолдауын сезінуі, ертеңгі күнге сеніммен қарауы өте маңызды», – деген еді.  Демек, бұл тұрғыда мемлекеттің балалар алдындағы атқарар шаруасы мен жауапкершілігі ауқымды. Жаңа қабылданып жатқан бағдарламалар мен жобалар өз нәтижесін береді деп сенеміз.

Наурызбек САРША