Сұлу ғұмыр кешті. Адал жар сүйді. Алтын асықтай үш ұл өсірді. Журналистикада жасын ойнатты. Қара өлеңде қанат қатайтты.
Саз өнерінде сырлы әуен қалдырды. Әні де, сәні де өзгеше еді. Бірқалыпты һәм өнегелі өмір сүрді. Өзгелер секілді өзгермеді. Сол бір жылы жымиыс...
Ал мінезі бар ғой, мінезі өте көркем-ді. Шыбынның шекесінен шертпейді. Торғайдың тұмсығынан түртпейді. Басқаға ұқсамайтын Бейбіт Құсанбек... Түйдей құрдас болса да, бізден екі жыл бұрын оқыды. Мектеп бітіре сала журфактың жалына жармасқан.
Бірінші курсқа түскен жылғы күзде Кеңсайға барып, Мұқағалидың зиратын іздедік. Малмандай су болып, жаңбырға әбден малшынып, таптық-ау ақыры. Ол жылдарда журфак пен филфактың студенттері Мұқағалидың басына тағзым етіп қайтса, құдды бір қажылықтан келгендей көпке дейін күпініп жүретін. Алматыға табан іліктірген жас шайырлар Көлсайдан бұрын Кеңсайды жағалайтын. Сол жолғы тауға шыққан тобымыздың екпіні сұрапыл еді. Сұрапыл болмай енді... Бауыржан Үсенов, Светқали Нұржан, Қайрат Әлімбеков, Мұратбек Оспанов... Өңкей төменгі курстың арасында үшінші курстың бір студенті бар. Ол – Бейбіт Құсанбек. Ұмытпасам, филфактан Абай Балажан да ерді-ау деймін. Бұлар біз секілді майда-пашақтарға бағыт-бағдар беріп, жөн-жоба көрсетуге шықса керек. Бейбітпен алғаш жақынырақ жүздескеніміз сол күн болар.
Неге екенін білмеймін, оны курстастары «балапан» деп атайтын. Бәлкім, оқуға түскен жылдары сары ауыз шөжеге ұқсап тұрды ма екен, қайдан білейік?! Бірақ біз пақырдың дап-дардай үшінші курстың ұғымтал студентін «балапан» деуге аузымыз бармайтын. Бәрібір оның есейген шағында да «балапан» аты қалған жоқ.
Көкшенің сал-серілері секілді көрікті жігіт еді. Сұлу мұрты сүйкімді жүзін одан әрі ажарландырып тұрар-ды. Ал әуелетіп ән салғанын айтсаңызшы. Ақ домбыраны қолға алса, бебеулетіп жібереді. Университет қабырғасында өткен ақындар айтысына да талай рет қатысты. КазГУ-дің 50 жылдығында Светқали Нұржан екеуі сөз сайыстырды. «Бізбенен айтыспай ма, қайда филфак, Басынан жіберейік сипап-сипап», – деп қамау терін шығарып, қодиланып, ортаға шыға келген Бейбітке филфактың дүлей ақыны Светқали өршелене ұмтылды. О, бұл бәсекені көрген де арманда, көрмеген де арманда... Сойқан айтыс болды сол күні... Ал ертеңіне екеуі қалашықтың көк шалғынында түк болмағандай малдас құрып, әңгімелесіп отырды... Жын қуған журфак пен жыр қуған филфактың жарасымды сыйластығына қызықпайтын жан баласы жоқ еді ол кезде...
Кейін Бейбітпен «Хабар» агенттігінде бірге қызмет істедік. Үйіріміз бір еді, үстеліміз қатар еді. Алғашқы перзенттеріміз де бір мезгілде өмірге келді. Балаларын керемет жақсы көретін. «Хабардың» қабырғасында қызық пен шыжық көп-ті. Бейбіт тікелей эфирде екеуара сұхбат түрінде өтетін «Дәуірнама» деген бағдарламаны жүргізді. Айтары жоқ, әбжіл тележурналист. Тілдік қоры мол. Жеделдігіне жан ілеспейді.
Бірде «Дәуірнаманың» студиясына ол кезде жұртқа әлі кең танылып үлгере қоймаған жас әнші Тахмина Әшімбекова келді. Жай келмепті, жер түбіндегі Мальтада өткен халықаралық ән байқауынан бас жүлде алып кепті. Бейбіт соны сұхбаттасуға шақырған көрінеді. Тұйық мінезді Тахминаның түрін көріп, «біз қауіп еткеннен айтамыз» деп көңілдегі күдік-күмәнімізді аңғарттық. «Мына қыз тым жас қой, тікелей эфирдегі сұрақтарыңа шыдас бере ала ма өзі?», – дедік. Бейбіт бізге қарап әдемілеп бір жымиды да, асай-мүсейін тағынып, алшаң басып, студияға кіріп кетті.
Шынында да жарты сағаттық тікелей эфир сөзге жоқ адам үшін нағыз ақырзаман... Уақыт шіркін қолтығынан алып, қара ағашқа байлап қойғандай, мүлде жылжымайды-ау, жылжымайды. Ал ауыз жаппайтын, жағы сембейтін пендені сөзге тартсаң, отыз минут өзінен-өзі ортекедей орғып өте шығады. Сонымен, «Дәуірнаманың» кезекті сұхбаты басталды. Кейінірек, талай көргенімізде пысықтау көрінген Тахмина қыз сол жолы ашық әңгімеге есік ашпай қойды. Баспайды-ау, баспайды. Көңіл-күйі болмады ма, әлде басқалай себептері бар ма, білмейміз ғой, Бейбіттің әдейі сағыздай созыңқырап қойған шұбалаңқы сауалдарын бір-ақ ауыз сөзбен қайырып жібереді де тымпиып отырады. «Тағы қандай сұрағыңыз бар?» дегендей тележурналистке күлімсірей қарайды.
Эфирдің үш жылға бергісіз алғашқы үш-ақ минуты өтті. Ал Бейбіт тікелей эфирдің тізгінін қақпай жатып, төрт-бес бағдарламаға жарайтын сұрақтың бәрін шетінен сиқап тастады. Пультте отырған режиссердің көзі шапыраштанып кетті. Маңдайы тершіген Бейбіт енді сұрақтың аясын одан әрі кеңейтіп, құрмалас сөйлемдерді көбейтіп, өзі көбірек сөйлемесе болмайтынын, әйтпесе сұхбаттың әбден шатқаяқтап бара жатқанын бірден түсінді. Не істемек керек?!
Сондағы оның қойған тағы бір күрделі, ащы ішектей шұбатылған сауалы мынау еді: «Тахмина, сіз бар ғой, алыс жерге, өзге мемлекетке барып, өнер көрсеттіңіз. Өнер көрсетіп қана қоймай, жетістікке жетіп, жүлде алып қайттыңыз. Бұл жеңіс сізге оңайлықпен келмегені анық. Арнайы барып, сахнасынан ән салып, биікті бағындырып оралған еліңізге жұрт дүние жүзінің мемлекеттерінен жиналатыны белгілі. Сол Мальтаға біздің қазақ топырағынан да талайдың жолы түсуі мүмкін ғой. Осы елде жүргенде отандастарыңызбен кездесе алдыңыз ба? Яғни, сізге осы сапарыңызда, не конкурс өтетін ғимаратта болсын, немесе сахнада болсын, тіпті болмаса қаланың көшелерінде болсын, қазақстандықтармен жүздесудің сәті түсті ме?».
Бейбіт осындай бір құлаш сұрағын қойып, айтып ауыз жиғанша болған жоқ, Тахмина қыз жанары жарқ-жұрқ етіп бір жымиды да, «Е, жоға...», – деді ғой... Болды. Бекеңнің екі беті қып-қызыл... Бірақ өз мінезін өзі тез ауыздықтап, лып еткен эмоциясын лезде тежеп, мығымдалып алды да өйтіп-бүйтіп, өзі сөйлеп, өзі қойып, түрлі тәсіл қолданып, құзға құлағалы тұрған сұбхатты жар басынан аман алып шықты. Басқа біреу болса, Мальтадан келген қызбен малтаны езем деп, әбден қор қылар еді. Сол жолы Бейбіттің қара терге түскенін көрдім. Баяғыда қаталдығы қаймана қазаққа белгілі қаһарлы темір декан Темірбек Қожакеевтің алдында емтихан тапсырғанда да бүйтіп терге малшынбаған шығар.
Тағы бірде... Сол Бейбіт... Сол «Дәуірнама»... Бұл жолы қонаққа атақты фототілші Рысқали Дүйсенғалиев келді. Қайсар қазақ. Ауыздыға сөз, аттыға жол бермейтін адам. Түр-сипаты келісті. Басында бір тал шаш жоқ. Маңдайына шыбын тайып жығылса, мүрдем кетеді. Қысқасы, эфирден нағыз қазақ деп көрсетуге таптырмайтын кейіпкер. Бейбіт: «Аға, сіз қиын-қыстау кезде көз жазып қалған бір апаңызды тауып алыпсыз ғой...», – деп алғашқы сауалын қойғаны сол еді, Рекең: «Әй, сен оны қоя тұр, мен одан да алдымен ағамды қалай тауып алғанымды айтатын», – деп әлдебір белгісіз жаққа қарай жолсызбен жөңкіле жөнелді. Содан тежелсейші... Айтып жатыр, айтып жатыр... Ағасы құрымағыр да табылып болмайды. Бір сұрақтың жауабы хабарды күрмейін деді. Бес-алты-ақ минут уақыт қалды. Бейбіт кілт үзіп, басқа сұраққа ойысайын десе, Рысқали көкем оған ежірейіп бір қарап қойып, ентелеп тарта береді. Әйтеуір, Бейбіт бұл сұхбатты да апатқа ұшыратпай, домалақ бас, көкқырсық көкемді әзер қақпайлап, әрең қайырып, алдынан қырық құлаш арқан керіп, зорға тоқтатты. Рекең тіпті эфирдің баяғыда аяқталғанымен шаруасы жоқ, апасының қалай табылғанын асықпай баяндап, студияда екі иығы селкілдеп күліп, біразға дейін отырып алды. Мен ұстамды да ұқыпты, салмақты да салиқалы Бейбіттің осылайша екі рет тығырыққа тірелгеніне куә болдым.
Бұл білікті медиаменеджер, қарымды қаламгер Қайнар Олжайдың қарамағында жұмыс істеген кезіміздің, алтынға айырбастамайтын жас шағымыздың бірді-екілі эпизодтары ғана. Бейбітпен бірге микрофон ұстап, тікелей эфирді тізгіндеген мезгілдегі «Хабардың» мұндай қызықтары жетіп артылады.
Осы тұста бәріміздің ұстазымыз Қайнар Олжай атын қойып, бағдарын белгілеп, айылбасын тартып берген «Бір сәт және бүкіл ғұмыр» деген тартымды бағдарлама бар еді. Бейбіт жүргізетін оны... Суреттер сөйлейтін-ді онда...
* * *
Сол бір қимас кезеңде қатар көсілген Шүкір Шахай түсірген мына бір суреттер оның өзінің де бүкіл болмысын танытады. Қырық бесінде өмірден өтті. Осыдан он тоғыз жыл бұрын...
Бауыржан ОМАРҰЛЫ