Ақтөбе облысында «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» бағытындағы тас жолдың қайта жаңартыла бастағаны 27 мамыр күні ресми түрде жария етілді. Қазақстанның батысы мен оңтүстігін байланыстыратын бұл жол «Самара-Шымкент» халықаралық транзиттік дәлізінің құрамына кіретін маңызды учаскенің бірі. Жөндеу жұмыстары 2028 жылдың соңында толық аяқталуға тиіс.
Ақтөбе облысы ғана емес, күллі Қазақстан үшін стратегиялық маңызы зор жоба жүзеге асатын болса, «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» бағытындағы тас жол I техникалық санаттағы төрт жолақты автомагистральға айналады. Қазірдің өзінде бұл бағытпен күн сайын ерсілі-қарсылы 15-16 мыңнан астам көлік қатынайды. Қазақстанда жүк тасымалының негізгі маусымдық шыңы қыркүйек пен қараша айының аралығына сәйкес келеді. Сонымен қатар жаңа жыл қарсаңында да көлік нөпірі күрт көбейе түседі. Осы аралықта «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» бағытындағы тас жолдың жүктемесі тәулігіне 18-23 мыңға дейін жетеді.
Негізі, ескі жолдың мүмкіндігі тәулігіне 6-7 мың автокөлікке ғана шақталған. Бірақ қазіргі жүктемесі одан 2,5 есе көп. Соның салдарынан ескі жол автокөлік нөпіріне төтеп бере алмай, көлік жүргізушілері кептеліс пен жол апатынан көз ашпай келеді. Екі жолақты тар әрі қауіпті бағытты қайта жаңарту Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырыла бастады.
«Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» бағытындағы тас жолының қайта жаңартыла бастағанын ресми түрде жариялау үшін 27 мамыр күні Ақтөбеге «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев келді. Ол Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровпен бірге ірі жобаның жұмысын уақытында орындаудың маңыздылығына тоқталды.
– Жоба заманауи инженерлік шешімдер мен құрылыс стандарттарын қолдана отырып, автомобиль жолын І техникалық санатқа ауыстыруды көздейді. Бұл трассаның көлік өткізу қабілетін арттыруға, жол жабынының сенімділігін күшейтуге және транзиттік әрі жүк көліктерінің қозғалысына жағдай жасауға мүмкіндік береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай Ақтөбе мен Қызылорданың арасындағы тас жолды төрт жолақты ірі автомагистральға айналдыруды жоспарлап отырмыз. «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» учаскесі сол ірі жобаның бір бөлігі. Жоба толық аяқталғаннан кейін бұл бағытта тәулігіне 35 мың көлік өтетін болады, – деді Дархан Иманашев.
Қайта жаңартылатын жолдың жалпы ұзындығы – 262 шақырым. Ресурстарды тиімді пайдалану мақсатында жоба жеті учаскеге бөлінген. Оның алғашқы 28 шақырымдық учаскесі дайын. Реконструкция жасалған бұл учаске «Самара-Шымкент» тас жолының 791 шақырымынан 819-шақырымына дейінгі аралықта. Бұл – Ақтөбе мен Хромтаудың арасы. Жаңа жолдың игілігін көре бастаған Хромтау тұрғындарының қуанышында шек жоқ.
– Бұрын Жазық бекетінің тұсына келгенде көлік кептеліп қалатын. Автомобиль көпірі салынғалы бері жол бойында кідірмейтін болдық. Жолдың сапасы жақсарып қана қоймай, жолаушылардың қауіпсіздігіне де жағдай жасалып отыр. Ақтөбе мен Хромтаудың арасы 95 шақырым. Жол сайрап жатыр. Соның арқасында облыс орталығына бір сағат болмай жетіп жүрміз. Біз бұл жолды көп күттік, – деді Хромтау қаласының тұрғыны Болат Ашабаев.
Хромтау – тау-кен өндірісімен танымал қала. Инфрақұрылымның жақсаруы кеншілер қаласына инвестор тартуға жол ашады деп көзделіп отыр. «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» бағытындағы автомагистраль жол бойындағы елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына да серпін беретін жоба. Өйткені жаңартылған жолдың бойында халықаралық стандартқа сай келетін жоғары санатты сервис нысандары – заманауи жанармай стансалары, кемпингтер мен техникалық қызмет көрсету орталықтары салынады. Бұл дегеніміз – жаңа жұмыс орны. Жол бойынан ашылатын логистикалық хабтар мен қоймалар, өндіріс орындары аймақтың экономикасына қан жүгіртіп, ең бастысы, жол апаты азаяды.
Алдын-ала мәліметке қарағанда, «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» бағытындағы тас жолды қайта жаңарту құны 300 млрд теңгеден астам. Бұл жеті учаскеге бөлінген жобаның толық құны емес. Әзір кей учаскелер сараптамадан толық өтпеген. Сол себепті құрылыс құны өзгеруі ықтимал. Кей деректерде бұл жобаның құны 550 млрд теңгеге дейін жететіні айтылады. Тас жолды қайта жаңарту барысында құрылысшылар Ақтөбе облысында өндірілетін материалдарды ғана пайдаланады. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров «өзге өңірлерден материал тасу қажеттілігі жоқ» деп атап өтті.
– Бүгін біз Ақтөбе облысы мен бүкіл ел үшін стратегиялық маңызы зор жобаны бастап отырмыз. Реконструкция аяқталғаннан кейін елді мекендер арасындағы көлік қатынасы анағұрлым жақсарады. Жол жүру уақыты қысқарады және халықаралық көлік дәлізінің өткізу қабілеті ұлғаяды. Бұл, әрине, бір жылдық жоба емес. Алдағы үш жылда жол құрылысына облыстың мыңнан астам тұрғыны тартылады. Жобаның жүзеге асырылуы өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырады. Бұл кейінгі жылдардағы ең ірі инфрақұрылымдық жобаның бірі, – деп атап өтті Асхат Шахаров.
Жалпы, ұзындығы 262 шақырым жолдың алғашқы учаскесі дайын. Құрылыстың негізгі бас мердігері – «СП Сине Мидас Строй» компаниясы. Бұл Қазақстанның жол құрылыс саласындағы ең ірі және жетекші компанияның бірі. Автомагистральдың алғашқы 28 шақырымын осы компания салған. Қалған 234 шақырымына конкурс өткізіліп, мердігер компаниялар анықталған. Олар да ел аумағындағы басқа ірі жобаларда мол тәжірибе жинаған отандық компаниялар. Мердігерлер құрылыс-монтаж жұмыстарына кезең-кезеңімен кірісіп кетті. Елдің көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға ат салысатын бұл компаниялар жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеп, жолды қайта жаңартып қана қоймай, 5-7 жыл бойы жолды күтіп ұстауға да жауапты.
Жанна КӨПЖАНОВА,
Ақтөбе