Еуразиялық интеграцияның жаңа бағыты – жасанды интеллект

Бүгін, 14:00 / Ділда УӘЛИБЕК
Ақорда

Кеше Астанада V Еуразия экономикалық форумы басталды. Биыл халықаралық пікірталас алаңында «Жаһандық цифрлық бәсекедегі ЕАЭО: жасанды интеллектіге басымдық беру» тақырыбы талқыланады.

Форумға қатысу үшін келген мәртебелі меймандар қатарында Ресей Президенті Вла­димир Путин, Беларусь Президенті Алек­сандр Лукашенко, Қырғызстан Пре­зиденті Садыр Жапаров, Армения вице-пре­мьері Мгер Григорян, Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Вьетнам Премьер-министрінің орынбасары Хо Куок Зунг, Моңғолия Премьер-министрі­нің орынбасары Нямтайширын Номтой­баяр, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев және тағы да басқа лауазымды ресми тұл­ға­лар бар.
Форумның пленарлық сессиясында сөй­леген сөзінде Мемлекет басшысы ең ал­ды­мен форумға қатысқан ЕАЭО-ға мүше мем­лекеттер басшыларына, байқаушы ел­дер көшбасшыларына және барша қо­нақ­тарға ризашылығын білдірді. Президенттің сөзін­ше, Еуразия экономикалық форумы еура­зиялық интеграцияны дамытудың өзек­ті мәселелері бойынша кәсіби әрі нәти­желі диалог жүргізуге мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналған.
– Еуразия экономикалық форумы еу­разиялық интеграцияны дамытудың өзекті мәселелері бойынша кәсіби әрі нәтижелі диа­логтың тиімді алаңы ретінде кеңінен та­нылған. Бүгін ортаға салған идеялар, бас­тамалар мен ұсыныстар Интеграциялық одақ аясындағы өзара тиімді ынтымақ­тас­тық­қа тың серпін беретініне сенімдімін. ЕАЭО – жай ғана өңірлік интеграциялық бір­лестік емес, жаһандық экономиканың маңыз­ды субъектісі екенін түсінген жөн. Бұ­рын-соңды болмаған геосаяси дүр­бе­лең­дер кезінде мемлекеттеріміз үйлесімді іс-қи­мыл арқылы экономикаларының ор­нық­ты дамуын, әлемдік нарықтағы бәсекеге қа­білеттілігін қамтамасыз ете алды. Қазір біз­дің алдымызда Еуразия экономикалық ода­ғының әлеуетін одан әрі арттырып, қар­қынды дамыту жөнінде стратегиялық маңыз­ды міндет тұр. Дүниежүзілік шаруа­шы­лық байланыстарының бағдары жаппай өзгеріп жатқан кезеңде біз теріс сипаттағы жаһандық үрдістерге төтеп беру үшін күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сондай-ақ жасанды ин­теллектіні экономиканың барлық сала­сы­на батыл енгізу аса маңызды екенін айт­ты. Себебі әлемдік нарықтағы ахуал күрделі, ал цифрлық салада болып жатқан ауқымды өзгерістер көп ұзамай «ойын ережесін» тү­бе­гейлі жаңартады. Осыған байланысты Президент форум тақырыбының өзектілігі арта түскенін жеткізді.
– Әлемдік нарықтағы ахуал күрделі, тіпті көп жағдайда болжап біле алмайсыз. Өзімізге етене таныс экономикалық сынақ­тар­ға қоса, цифрлық салада ауқымды өз­ге­ріс­тер болып жатыр. Бұл көп ұзамай «ойын ережесін» толықтай жаңартады. Осыған орай бүгінгі форум тақырыбының өзектілігі арта түсті. Жасанды интеллект техно­ло­гия­лары­ның көз ілеспес жылдамдықпен дамуы жаһандық экономикаға ықпал ететін іргелі факторға айналып үлгергенін көріп отыр­мыз. Халықаралық сарапшылар, мәселен, Goldman Sachs алдағы он жыл ішінде жасан­ды интеллектіні қолдану әсерінен әлемдік ішкі жалпы өнімнің өсімі 7 триллион дол­лар­ға жақындауы мүмкін деп пайымдайды. Бұл жаңа технологиялық қалыптың тү­зілуі­не алып келеді. Соның салдарынан эко­но­ми­каның барлық секторындағы еңбек на­р­ы­ғының құрылымы түбегейлі өзгереді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, бұл жаңа тех­но­логиялық қалыптың пайда болуына алып ке­леді және соның салдарынан эконо­ми­ка­ның барлық секторындағы еңбек нары­ғы­ның құрылымы түбегейлі өзгереді. Тоқаев Ха­лықаралық валюта қорының болжамына да тоқталып, алдағы жылдары жасанды ин­­­­теллект технологиясының енгізілуіне қа­рай дүние жүзіндегі жұмыс орындары 40 пайызға дейін қысқаруы мүмкін екенін айт­ты.
– Демек, шартараптағы жүздеген мил­лион адам білімін жетілдіріп, жаңа дағ­ды­ларды меңгеруге тиіс. Әлеуетті мемлекеттер ауқымы жағынан белгісіз міндеттермен бет­пе-бет келіп, ұлттық білім беру жүйесін тү­бегейлі өзгертуге мәжбүр болады. Цифр­лық технологияларды қарқынды эко­но­ми­ка­лық және қоғамдық даму тетігіне айнал­дыра аламыз ба? Бұл – ең басты мәселе. Аз да болса амбициясы бар елдердің келешегі аталған мәселені қаншалықты табысты шешуіне тікелей байланысты десек, артық айтқандық емес, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан ЕАЭО ор­гандарына төрағалық еткен жылы Одақ ая­сында жасанды интеллект техно­ло­гия­ларын елдердің бәсекеге қабілеттілігін арт­тыру үшін «төрт еркіндік» қағидатының құ­ра­лы ретінде нақты қолдануды ұсынға­нын еске салды.
– Дәл осы себепті Қазақстан Еуразиялық эко­номикалық одаққа төрағалық еткен жы­лы Одақ аясында елдеріміздің бәсекеге қа­білеттілігін арттыру үшін жасанды ин­тел­лект технологияларын «төрт еркіндік» қа­ғидатының құралы ретінде нақты қол­дану­ды ұсынды, – деді ол.
Президент Қазақстанның «ақылды» плат­формаларды мемлекеттік басқару жүйе­сі мен экономиканың негізгі сектор­лары­на табысты енгізіп жатқанын айтты. Былтырғы Жолдауында Қазақстанды цифр­лық елге айналдыру міндеті жүктелгенін, осы жұмысты жүйелі жүргізу үшін 2026 жыл елімізде Жасанды интеллект және цифр­лық даму жылы болып жарияланғанын жеткізді.
Мемлекет басшысы цифрлық транс­фор­мациямен қатар азаматтардың қауіп­сіз­дігіне де ерекше мән берілетінін айтты. Оның сөзінше, Қазақстанның жаңа Конс­ти­туциясында алғаш рет дербес мәлімет­терді қорғау құқығы бекітіліп, цифрлық тех­нологияларды қолдана отырып, дерек­тер­ді заңсыз жинауға, өңдеуге және пай­да­лануға тыйым салынған. Қасым-Жомарт Тоқаев мұны өте маңызды конституциялық міндет деп атады. Президент инсти­туцио­нал­дық негізді нығайтып, инновацияны ке­шенді түрде енгізу үшін Жасанды ин­тел­лект және цифрлық даму министрлігі құ­рылғанын, сондай-ақ Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің жасақталғанын айтты. Оның құрамына жетекші шетелдік жә­не отандық сарапшылар, бизнес пен мем­лекеттік мекемелердің өкілдері кірген.
– Қазақстанның жаңа Конституция­сын­да алғаш рет дербес мәліметтерді қорғау құ­қығы бекітілді, соның ішінде цифрлық тех­нологияларды қолдана отырып, дерек­тер­ді заңсыз жинауға, өңдеуге, пайдалануға тыйым салынды. Мұны, шын мәнінде, өте маңызды конституциялық міндет деп са­наймыз. Институционалдық негізді ны­ғай­тып, инновацияны кешенді түрде енгізу мақ­сатында Жасанды интеллект және цифр­лық даму министрлігі құрылды. Жа­санды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес­ті құру да пайдалы шараның бірі бол­ды. Аталған консультативтік орган құрамы же­текші шет­елдік және отандық сарап­шы­лар­дан, бизнес пен мемлекеттік мекеме­лер­дің өкілдерінен жасақталды, – деді Пре­зи­дент.
Сонымен бірге Қазақстан барлық қа­жет­ті инфрақұрылымды жедел дамытып жат­қанын айтқан Мемлекет басшысы өңір­де алғаш болып NVIDIA компаниясының озық технологиялары негізінде екі супер­ком­пьютер іске қосылғанына назар ау­дарды. «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру да басты міндет ретінде жа­рияланғанын, бұл ауқымды жобаның жаһандық капитал мен әлемдік техно­ло­гиялық алпауыттар үшін тартымды ортаға айналғанын жеткізді.
– Бұдан бөлек, біз барлық қажетті инф­рақұрылымды жедел дамытуды қолға ал­дық. Қазақстан өңірімізде бірінші болып, осы саладағы әлемдік көшбасшы саналатын NVIDIA компаниясының озық техно­ло­гиялары негізінде екі суперкомпьютерді іске қосты. «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру басты міндет ретінде жария­ланды.Бұл ауқымды жоба жаһандық ка­пи­тал мен әлемдік технологиялық алпауыттар үшін тартымды ортаға айналды, – деді Прези­дент.
Тоқаев адами капиталға да қомақты қар­жы құйылып жатқанын айтып, Alem.ai халықаралық орталығы жанынан Tumo және Tomorrow school жаңа буын мектеп­тері, сондай-ақ Telegram мен Presight сияқ­ты әлемге белгілі компаниялардың зерт­ха­на­лары ашылғанын еске салды. Екі апта бұрын орта білім беру жүйесіне жасанды ин­теллектіні енгізу жөніндегі жарлыққа қол қойғанын да мәлімдеді.
– Сонымен қатар адами капиталға қо­мақ­ты қаржы құйып жатырмыз. Халықара­лық Alem.ai орталығы жанынан Tumo және Tomorrow school жаңа буын мектептері, сон­дай-ақ әлемге белгілі бірқатар ком­па­нияның (Telegram, Presight) зертханалары ашылды. Екі апта бұрын «Қазақстан Рес­пуб­ликасының орта білім беру жүйесіне жа­санды интеллектіні ендіру жөніндегі шара­лар туралы» Жарлыққа қол қойдым. Мақ­са­тымыз – дербес білім беруге ден қоя оты­рып, педагогтердің біліктілігін арттыру, инф­рақұрылым мен оқу стандарттарын да­мыту, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстан се­ріктестік пен ынтымақтастыққа ашық және жедел цифрлық трансформацияны сапалы жүргізу үшін ЕАЭО мемлекеттерімен жұмыс істеуге дайын. Ол жаңа технологияларды, әсіре­се жасанды интеллектіні сауда және ло­гис­тика саласына белсенді енгізу аса маңызды екенін айтты. Сондай-ақ кедендік рәсімдерді жеделдету үшін ұлттық цифрлық жүйелердің байланысын күшейтудің маңы­зы да сөз болды. Президенттің пікірінше, бұл нақты уақыт режимінде құжаттарды тез өң­деуге, кедергілерді анықтауға және жүк ағын­дарын болжауға мүмкіндік береді. Сон­дай-ақ электрондық цифрлық қолтаңбаны өзара тану бизнес шығындарын азайтып, ЕАЭО кеңістігіндегі алыс-берісті арттыруға кө­мектесетінін айтты.

– Қазақстан жедел цифрлық транс­фор­мация­ны сапалы түрде жүргізу үшін ЕАЭО мемлекеттерімен серіктестікке және ын­ты­­мақтастыққа ашық. Менің ойымша, жаңа технологияларды, әсіресе, жасанды ин­теллектіні сауда және логистика сала­сы­на белсенді енгізу аса маңызды. Кедендік рә­сімдерді жеделдету мақсатында ұлттық цифр­лық жүйелердің байланысын кү­шейт­кен жөн. Бұл нақты уақыт режимінде бар­лық құжатты тез өңдеуге, кедергілерді анық­тауға және жүк ағындарын болжауға мүм­кіндік береді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы өнеркәсіп коопе­рация­сын кеңейтуде жасанды интеллек­ті­нің сараптамалық әлеуетін пайдаланудың маңы­зы зор екенін де айтып өтті. Сонымен қатар елдердің азық-түлік қауіпсіздігін ны­ғайту үшін агроөнеркәсіп кешеніне ин­теллектуалды жүйелерді енгізуге басымдық беру қажет.
– Электрондық цифрлық қолтаңбаны өзара тану бизнес шығындарын айтар­лық­тай азайтып, ЕАЭО кеңістігіндегі алыс-бе­ріс­ті арттыруға көмектеседі. Өнеркәсіп коопе­рациясын кеңейтуде жасанды интел­лек­тінің сараптамалық әлеуетін пайда­лану­дың практикалық маңызы зор. Елде­ріміз­дің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін агроөнеркәсіп кешеніне интел­лек­туал­ды жүйелерді енгізуге басымдық беру қа­жет. Жаңа технологияларды белсенді әрі жан-жақты қолдану ЕАЭО-ға мүше мемле­кет­тер экономикасының қарқынды да­муы­на септігін тигізетін аса маңызды фактор деп санаймын, – деді ол.
Мемлекет басшысы жаңа техно­логия­лар­ды жан-жақты қолдану ЕАЭО мемле­кет­тері экономикасының қарқынды да­муы­на ықпал ететінін атап өтті. Алайда жаңа технологиялар одақ мүшелері ара­сын­дағы цифрлық алшақтыққа себеп бол­мау­ға тиіс екенін де ескертті. Керісінше, олар елдер экономикасын байланыстырып, ынтымақтастықтың қуатты құралына айналуы қажет деді.
Президент бүгін 2025 жылғы желтоқ­сан­дағы өзінің ұсынысына сәйкес әзірлен­ген Жасанды интеллектіні жауапкер­ші­лік­пен дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдеме қа­былданатынын айтты. Құжатты қабыл­дау­дағы басты мақсат – Одаққа мүше ел­дер­дің экономиканың негізгі секторларын цифрландыруға қатысты ортақ ұстанымын қалыптастыру және бір-бірінің мүддесін ес­кере отырып, жасанды интеллект техно­ло­гияларын қауіпсіз енгізуді қамтамасыз 
ету.
– Бүгін біз 2025 жылдың желтоқса­нын­дағы менің ұсынысыма сәйкес, Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдемені қабыл­дай­мыз. Аталған құжаттың басты мақсаты – Одаққа мүше елдердің экономиканың не­гізгі секторларын цифрландыруға қатыс­ты ортақ ұстанымын қалыптастыру және бір-бірінің мүддесін ескере отырып, жасан­ды интеллект технологияларын қауіпсіз ен­гізуді қамтамасыз ету, – деді Мемлекет басшысы.
Сөз аяғында Президент ЕАЭО-ға мүше мем­лекеттер басшыларына осы маңызды құ­жатты әзірлеуге және қабылдауға қолдау көр­сеткені үшін ризашылығын білдірді. Ол жаңа технологиялық және экономикалық қа­лып негізінде қайта құрылып жатқан әлем­дік тәртіптің қазіргі кезеңі елдерге біре­гей мүмкіндіктер ұсынып отырғанын ай­тып, оны ұтымды пайдалану қажет еке­нін жеткізді. 
– Орайлы сәтті пайдаланып, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларына осы маңыз­ды құжатты әзірлеуге және қабыл­дауға қолдау көрсеткені үшін ризашылы­ғым­ды білдіремін. Жаңа технологиялық және экономикалық қалып негізінде қайта құрылып жатқан әлемдік тәртіптің қазіргі кезеңі елдерімізге бірегей мүмкіндіктер ұсы­нып отыр. Келешектегі позициямызды нығайту үшін оны ұтымды қолданған жөн. Біз осы тарихи мүмкіндікті мүлт жібермей, барынша пайдалануға міндеттіміз, – деп түйін­деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, форум аясында Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан президенттері мен делегация жетекшілерінің назарына озық техноло­гиялық және цифрлық ше­шімдер көрмесі, Халықаралық Alem.ai жасанды интеллект орталығының мүмкін­діктері ұсы­нылды.
Мәртебелі меймандар жасанды интел­лект музейінің жәдігерлерімен және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің стендтерімен та­нысты.
Қазақстан тарабы цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы негізгі бас­та­маларын, соның ішінде Astana Smart City, Alem GPT, Smart Data Finance, Smart Cargo+Keden және басқа да жобаларын көрсетті.