Шоқан Уәлиханов рөліне ашық кастинг басталды

Бүгін, 10:31 / Алуа Арман
Ғаламтор

«Дара» Президенттік бастамалар қоры көрнекті қазақ ғалымы, саяхатшы әрі ағартушы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен мұрасына арналған жаңа көркем-деректі жобаны қолдап, фильм өндірісіне жеке инвестицияларды тартуға жәрдемдесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жобаның авторы – танымал қазақстандық журналист, тележүргізуші, тарихи деректі фильмдердің авторы Майя Бекбаева.

Жобаға дайындық жұмыстары басталысымен команда Қазақстан бойынша ауқымды онлайн-кастингті де жариялады. Жоба авторлары бұл бастаманы шын мәнінде халықтық жобаға айналдыруды көздеп отыр. Олар кәсіби актерлерді ғана емес, кино саласында өзін сынап көргісі келетін барша азаматтарды жобаға қатысуға шақырады.

«Шоқан Уәлиханов – жай ғана тарихи тұлға емес, өз дәуірінен оза туған жан. Оның тағдыры, терең білімі, батылдығы мен халқына қызмет етуге деген ұмтылысы оны бүгінгі ұрпаққа да үлгі тұлға ретінде танытады. Бұл жоба арқылы біз оқулықтағы бейнені емес, шынайы Шоқанды көрсеткіміз келеді», – дейді жоба авторы.

Қазіргі уақытта Шоқан Уәлихановтың басты рөліне, жас Шоқанның рөліне, сондай-ақ қосалқы және эпизодтық рөлдерге кастинг жүріп жатыр.

Іріктеуге қатысуға барлық ниет білдірушілер шақырылады. Ол үшін өзіңіз туралы қазақ және орыс тілдерінде қысқаша видеовизитка жазып, оны Instagram желісінде жариялап, жобаның @shoqan.film парақшасы мен автордың @mayabekbayeva аккаунтын белгілеу қажет.

Шығармашылық топ келіп түскен барлық өтінімдерді қарап шығып, алдын ала іріктеуден өткен үміткерлермен байланысқа шығады.

Тэгтер:

Шоқан Уәлиханов кастинг