«Өзімді қорғадым»: Атыраудағы қанды қылмысқа қатысты сотта күдікті мәлімдеме жасады

Бүгін, 08:22 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Атырау облысы Қызылқоға ауданында бүтін бір отбасының өліміне қатысты резонансты іс бойынша негізгі сот отырысы басталды. Айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиев сотта қайынағасы Наурыз Мұқанғалиевті қасақана емес, өзін-өзі қорғау мақсатында өлтіргенін мәлімдеді.

- Наурыз Мұқанғалиевтің провокациялық әрекетінен өз-өзімді қорғану мақсатында абайсызда болған қылмыстық іс деп есептеймін, - деді айыпталушы сотта.

Сәрсемалиев ата-енесі мен қайынапасын қасақана өлтіргенін, кейін қылмысты жасыру үшін олардың малдарын сатып, жеке құжаттары мен заттарын иемденіп, несие рәсімдегенін мойындады. Айыпталушы бұл қанды оқиғаны өзі мен әйелінің арасына түскен ата-енесінің іс-әрекетімен байланыстырды. Сот барысында ол 2024 жылғы шілдеде Ақбаян ауруханаға түскен кезде оның қасына жіберілмегенін айтып, сол жағдайдан кейін реніштің күшейгенін жеткізді.

Бүгінгі сот отырысында марқұм Мақсот Қарабалиннің қарындасы Әдемі Шылмағамбетова айыпталушының сөздерімен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, Ақбаян мен Сұлтанның ресми ажырасуына Сәрсемалиевтің басқа адаммен көңіл қосуы себеп болған.

Сот кезінде Наурыз Мұқанғалиевке 10, Мақсот Қарабалинге 9, Нәсіп Өтешқалиеваға 8, ал Мейрамгүл Қарабалинаға 32 рет пышақ жарақаты салынғаны айтылды.

Жәбірленуші тарап күдіктінің Наурыз Мұқанғалиевтің атынан туыстарына хабарламалар жазып, түрлі жалған ақпарат таратқанын мәлімдеді.

- Сұлтан Сарсемалиев Наурыз Мұқанғалиевтің телефонын иемденіп, кейін оның атынан туысқандарға түрлі хабарлама жіберді. Әке-шешесі мен апасын Ташкентке алып кеткенін, анасы емделіп жатқанын жазды. Тіпті үйленетінін айтты. Ауылға келетін күндерін бірнеше рет өзгертіп, аудио байланыс жасағым келіп соққанда, телефонды көтерген жоқ. Келесі күні ғана жазбаша жауап беретін , — деді Мақсот Қарабалиннің қарындасы Әдемі Шылмағамбетова.

Күдікті бұған ұқсас әңгімені енесінің туыстарына да айтқан. Жәбірленуші Тілекқабыл Өтешқалиевке апасы Нәсіп Өтешқалиевадан 7 қараша күні аудиохабарлама келіп түскен. Ал тергеу мәліметіне сәйкес, Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиева 3 қарашада көз жұмған. Жәбірленуші тарап ол аудионың бұрын жазылған жазбалардың бірі деп ойлайтынын айтты.

- Наурыздан «Мен отбасы құрамын, керек кезде көмектесе алмадыңдар, енді маған керектерің жоқ» деген хабарлама келді. «Мен осы жақта шаңырақ көтеріп, әке-шешемді өзім қараймын, мені мазаламаңдар» деп те жазып жіберді. Наурыз Сұлтанмен кездескенде қолына қару не таяқ ұстап барды деп ойламаймын. Өз-өзіңді қорғау болса, Наурызға 10 рет пышақ салатын ба еді?! - деді марқұм Нәсіп Өтешқалиеваның інісі Тілекқабыл Өтешқалиев.

Марқұмдардың туыстары Наурыздың видеоқоңырау арқылы сөйлесуден бас тартуын, ауылдағы малдың сатылып жатқанын күмәнді көріп, кейін іздеу жұмыстарын бастаған.

Бүгінгі отырыста мемлекет тарапынан жәрдемақы мен зейнетақы төлемдері бойынша келтірілген шығын көлемі айтылды. Наурыз Мұқанғалиевке маусым айынан бастап желтоқсанға дейін 520 мың теңге көлемінде жәрдемақы аударылған. Ал Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваға зейнетақы, Мейрамгүл Қарабалинаға жәрдемақы желтоқсан айы үшін төленген. Мұның көлемі 255 мың теңгеден асады.

Ертең сот процесі жалғасады. Жоспар бойынша 26 куәден жауап алу жоспарланып отыр.

Қылмыстық іске Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Зарема Хамидуллина төрелік етіп жатыр.