Спортты дамыту дирекциясы мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың жалақысына қатысты пікір білдіріп, Олимпиада чемпионына жаңа келісімшарт әзірленіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Спортты дамыту дирекциясы спортшыларға жалақыны қолданыстағы келісімшарттар мен халықаралық жарыстарға дайындықтың бекітілген шарттарына сәйкес төлейді.
Михаил Шайдоровқа қатысты айтар болсақ, 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы жалақысы бұрын жасалған келісімшарт негізінде толық төленді.
2026 жылдың наурыз айынан бастап спортшының Миланда өткен Олимпия ойындарында алтын медаль жеңіп алғаны ескеріліп, жаңа келісімшарт жасау жоспарланған болатын. Жаңа келісімшартта келесі олимпиадалық цикл аясындағы дайындық пен қаржыландырудың жаңартылған шарттары қарастырылған. Қазір келісімшарт талаптары тараптар арасында талқыланып жатыр», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ ведомство спортшыны олимпиадалық жетістігі үшін ынталандыруға қатысты өз міндеттемелерін толық орындайтынын атап өтті.
«Мұндай тәжірибе жаңа олимпиадалық циклге дайындық жүйесіне кіретін барлық спортшыға қолданылады және ұзақ мерзімді мемлекеттік қаржыландырудың қалыпты тәртібі саналады.
Сонымен қатар мемлекет спортшыны олимпиадалық жетістігі үшін ынталандыруға қатысты өз міндеттемелерін толық орындайды деп атап өтеміз.
Олимпия ойындарының алтын медалін жеңіп алғаны үшін Михаил Шайдоровқа 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы төлеу, Алматы қаласынан үш бөлмелі пәтер беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өмір бойғы ай сайынғы мемлекеттік төлем тағайындау қарастырылған», – деп толықтырды дирекция.