ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер ЖИ-ді жауапкершілікпен дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдемені қабылдайды

Бүгін, 21:24 / Алуа Арман
Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан V Еуразия экономикалық форумның пленарлық сессиясында сөз сөйлеп, жаңа технологиялар Еуразиялық экономикалық одақ мүшелері арасындағы «цифрлық алшақтыққа» себеп болмауы керек екенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Жаңа технологияларды белсенді әрі жан-жақты қолдану ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер экономикасының қарқынды дамуына септігін тигізетін аса маңызды фактор деп санаймын. 

Сонымен қатар жаңа технологиялар Еуразиялық экономикалық одақ мүшелері арасындағы «цифрлық алшақтыққа» себеп болмауы керек. 

Керісінше, ол елдеріміздің экономикаларын байланыстырып, ынтымақтастықтың қуатты құралына айналуға тиіс. 

Бүгін біз 2025 жылдың желтоқсанындағы менің ұсынысыма сәйкес, Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдемені қабылдаймыз. 

Аталған құжаттың басты мақсаты – Одаққа мүше елдердің экономиканың негізгі секторларын цифрландыруға қатысты ортақ ұстанымын қалыптастыру және бір-бірінің мүддесін ескере отырып, жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз енгізуді қамтамасыз ету. 

Орайлы сәтті пайдаланып, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларына осы маңызды құжатты әзірлеуге және қабылдауға қолдау көрсеткені үшін ризашылығымды білдіремін. 

Жаңа технологиялық және экономикалық қалып негізінде қайта құрылып жатқан әлемдік тәртіптің қазіргі кезеңі елдерімізге бірегей мүмкіндіктер ұсынып отыр. Келешектегі позициямызды нығайту үшін оны ұтымды қолданған жөн. 

Біз осы тарихи мүмкіндікті мүлт жібермей, барынша пайдалануға міндеттіміз», - деді Президент.

Тэгтер:

Тоқаев жасанды интеллект