42 жастағы әйел жұмыртқаны кеудешесіне салып жүріп, балапан шығарды

Бүгін, 00:30 / Жамбыл Жайлау
bild.de

Германияда көпшілікті таңғалдырған ерекше оқиға болды. Баварияда тұратын 42 жастағы енни Кюхлер тауықтар баспай қойған жұмыртқаларды аман алып қалу үшін оларды өз денесімен жылытып, спорттық кеудешесінің ішінде балапан шығарып алған, деп turkystan.kz тілшісі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бау-бақшамен айналысатын әйел екі ергежейлі тауығының бір ұяға жұмыртқа салғанын байқайды. Бірақ жұмыртқалардың даму мерзімі әртүрлі болғандықтан, тауықтардың ешқайсысы оларды соңына дейін басып отырмаған. Бір жұмыртқаның ішіндегі балапан жарып шығуға жақын қалғанын көрген Йенни оны құтқаруға бел буады.

Ол спорттық кеудеше мен қалың шұлықтан шағын "ұя" жасап, жұмыртқаларды соның ішіне орналастырған. Кейін оларды киімінің астына салып, үнемі өзімен бірге алып жүрген.

"Спорттық кеудеше өте ыңғайлы болды. Ол созылмалы әрі денеге жақсы жабысып тұрады. Сондықтан жұмыртқаларға қажетті жылу жетіп тұрды", – дейді Кюхлер.

Әйел түнде де жұмыртқаларды жанынан тастамаған. Оларды зақымдап алмау үшін шалқасынан жатып, көп қозғалмауға тырысқан.

Бір тәуліктен кейін алғашқы балапан жарып шыққан. Алайда Йенни оны тауық қораға апарғанда, тауық шоқып тастаған. Сондықтан екі күннен кейін шыққан екінші балапанды әйел өз жанында қалдыруды жөн көрген.

Ол балапанға Титти деген ат қойған. Бұл атау оның жарып шыққан “орнына” байланысты қойылған. Неміс тілінде бұл сөз "кеуде" немесе "кеудеше" мағынасында қолданылады.

Қазір кішкентай балапан Йенниге әбден бауыр басып қалған. Ол әйелдің соңынан қалмайды: жұмысқа да, көлікке де, ваннаға да, тіпті төсекке де бірге барады. Ал түнде жылытқыш салынған арнайы сөмкеде ұйықтайды.

Йеннидің айтуынша, Титти өсе келе әтеш болып шыққан. Сондықтан ол алдағы уақытта оны біртіндеп тауық қораға үйретіп көрмек. Бірақ әзірге әйел балапанды жанынан ұзата алмай жүр. Себебі одан алыстаса, кішкентай әтеш қатты шиқылдап, мазасыздана бастайды.

Бұл оқиға әлеуметтік желіде кең тарап, көпшілік Йеннидің балапанға деген қамқорлығына сүйсінді.

Тэгтер:

Германия