Көзді неге уқалауға болмайды? – офтальмологтар түсіндірді

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Көзді жиі уқалау әдеті инфекциялардың дамуына және қасаң қабықтың зақымдануына әкелуі мүмкін. Бұл туралы офтальмологтар мен оптометристер мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz ScienceAlert журналына сілтеме жаса.

Мамандардың айтуынша, адамдар көбіне көз қышығанда, құрғағанда, аллергиялық конъюнктивит кезінде немесе көзге бөгде зат түскендей сезім пайда болғанда көзін уқалайды. Алайда мұндай әрекет керісінше тітіркенуді күшейтіп, түрлі асқынулардың қаупін арттырады.

Дәрігерлер ең қауіпті салдардың бірі ретінде кератоконус ауруын атайды. Бұл дерт кезінде көздің қасаң қабығы біртіндеп жұқарып, пішінін өзгертеді. Соның салдарынан астигматизм дамып, көру қабілеті нашарлайды. Аурудың ауыр түрлерінде науқасқа қасаң қабықты ауыстыру операциясы қажет болуы мүмкін.

Сондай-ақ көзді қатты уқалау қасаң қабықтың сызылуына, көз бетінде қан құйылуға және конъюнктивиттің таралуына себеп болуы ықтимал. Ал көзге лас қолмен тию инфекция жұқтыру қаупін едәуір арттырады.

Мамандар көздің қышуын азайту үшін жасанды жас тамшыларын қолдануға, салқын компресс басуға және мүмкіндігінше аллергия қоздыратын факторлардан аулақ болуға кеңес береді. Ал аллергия кезінде арнайы көз тамшылары көмектесуі мүмкін, бірақ оларды дәрігердің кеңесінен кейін қолданған жөн.

Тэгтер:

көз ауру уқалау