Полицейлер мотокөлік жүргізушілерін тәртіп сақтауға шақырды

Бүгін, 17:47 / Алуа Арман
polisia.kz

Қарағандыда түн тыныштығын бұзған мотокөлік жүргізушілері жауапқа тартылып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жаз мезгілінің келуімен Қарағанды қаласының көшелерінде мотокөліктердің қатты дауысына қатысты тұрғындардың шағымдары жиілей түсті. Әсіресе кешкі және түнгі уақытта мотоциклдердің шамадан тыс шу шығарып, жоғары жылдамдықпен жүруі тұрғындардың тыныштығын бұзып, демалуына кедергі келтіруде. Осыған байланысты полиция қызметкерлері мотокөліктерді пайдалану кезінде жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылауды күшейтті.

Қоғамдық тәртіп пен тыныштықты сақтау мақсатында өткізілген рейдтік іс-шаралар барысында көптеген құқық бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, жүргізушілер мен жолаушылардың қорғаныс құралдарынсыз жүруі, техникалық ақауы бар көліктерді басқаруы жиі тіркелуде.

Сонымен қатар тіркелмеген немесе мемлекеттік нөмірлік белгілері жоқ мотокөліктер де анықталуда. Бұл жағдай олардың иелерін анықтап, жауапкершілікке тартуды қиындатады.

Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері тарапынан 27 жастағы қала тұрғынына қатысты құқ бұзушылық тіркелді. Ол "Kinye" мопедін мемлекеттік нөмірсіз, жүргізуші куәлігінсіз әрі қорғаныс құралдарынсыз басқарған. Бұдан бөлек, жүргізушінің мас күйде болғаны анықталды. Медициналық сараптама нәтижесі оның алкогольдік ішімдік ішкенін растады.

Өткен аптада күшейтілген бақылау шаралары барысында түрлі құқық бұзушылықтарға жол берген бес мотокөлік анықталып, арнайы айып тұрағына қойылды.

Әрбір дерек бойынша заңда көзделген тиісті шаралар қабылдануда. Полиция қызметкерлері мотокөлік иелерін жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырады.

Тэгтер:

Полиция мотокөлік