«Сириус» орталығының жобалары екі елдің зияткерлік қуатын арттырмақ – Мемлекет басшысы

Бүгін, 16:10 / Інжу Әлихан
Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентімен БАҚ өкілдеріне өткізген брифингте келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастыққа ерекше мән берілгенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

– Қазақстан мен Ресейде екі елдің Мәдениет күндері тұрақты түрде ұйымдастырылып, халықтарымыздың бай рухани мұрасын паш ететін іс-шаралар кеңінен өткізіледі. Екі ел тарихшылары мен саясаттанушыларының пікірталас алаңдарында бас қосуы да игі дәстүрге айналды. Биыл үшінші Қазақстан – Ресей медиафорумы өтеді. Бұл жиын ақпараттық ықпалдастықты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай алаңдар халықтарымыздың арасына сына қағатын жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл бойынша тәжірибе алмасуға қажет. Биыл шілде-тамыз айларында Астанада үшінші «Болашақ ойындарын» табысты өткізуге ден қойып отырмыз. Білім саласындағы бірлескен жобаларға арнайы тоқталғым келеді. Қазақстанда «Сириус» таланттары екі рет кездесті. Яғни жаңа буын мамандарын даярлау үшін дарынды жастарға жүйелі түрде қолдау көрсетіледі. Биыл қаңтар айында Алматыда «Сириус» орталығы бой көтеретін жерге алғашқы капсуланы салу рәсімі өтті. Жаңа ғана біз Астанада дәл осындай іс-шараға куә болдық. «Сириус» орталығының білім беру жобалары гуманитарлық саладағы мақтан тұтар бастамамызға айналып, екі елдің зияткерлік қуатын арттыруға зор үлес қосары анық, – деді ол.