Президент: Қазақстанның Ресей экономикасына салған инвестициясы 9 млрд долларға жетті

Бүгін, 16:05 / Інжу Әлихан
Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентімен БАҚ өкілдеріне өткізген брифингте екі ел арасындағы келіссөздер делегация мүшелерінің қатысуымен іскерлік және конструктивті сипатта өткенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тараптар күн тәртібіндегі барлық мәселе бойынша нәтижелі пікір алмасты. Еуразиядағы қауіпсіздікке баса назар аударылды.

– Әлемдік саясатта тұрақсыздық белең алған шақта мемлекетаралық серіктестіктің орнықты әрі түсінікті үлгісі айрықша құндылыққа айналды. Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы бұл мақсатқа толық сай келеді. Өйткені ол уақыт тезінен өткен және жаңа дәуірдің сын-қатерлеріне төтеп беріп отыр. Сан қырлы серіктестігіміз қос халыққа нақты пайда әкелетін ауқымды жобаларға негізделеді. Сауда-экономикалық байланыстардың орнықтылығы, кәсіпкерлердің белсенділігі екі ел экономикасының негізгі салаларындағы өсімді қамтамасыз етіп отыр. Соңғы бес жылда тек агроөнеркәсіп саласындағы екіжақты сауда-саттық көлемі 1 миллиард долларға ұлғайды. Инвестициялық ынтымақтастық қарқынды түрде дамып келеді. Осыған дейін айтылғандай, Ресей Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестиция бойынша көш бастап тұр. Жалпы инвестиция көлемі 29 миллиард доллардан асты. Ал Қазақстанның Ресей экономикасына салған инвестициясы 9 миллиард долларға жетті. Бұл да жақсы көрсеткіш. Қазақстанда ресейліктердің үлесі бар 20 мыңнан аса компания табысты жұмыс істейді. Биыл 20 тамызда өтетін Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы сауда-экономикалық, инвестициялық салалардағы әріптестік әлеуетін арттыруға тың серпін беретініне сенімдіміз, – деді Қазақстан Президенті.

Тэгтер:

Ресей