Қазақстанда 1 179 азамат түр-сипатын тануға кедергі келтіретіндей деңгейде бетті толық жабатын киімдерді қоғамдық орындарда кигені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ішкі істер министрлігі қоғамдық орындарда бет-жүзді тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге қатысты заң талаптарын еске салды.
Ведомство мәліметінше, бұл норма "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" заңның 75-бабы 3-тармағында қарастырылған. Аталған талапқа сәйкес, адамның түр-сипатын тануға кедергі келтіретіндей деңгейде бетті толық жабатын киімдерді қоғамдық орындарда кию құқық бұзушылық болып есептеледі.
Алайда бұл тыйым ауа райы жағдайларына, медициналық көрсетілімдерге, қызметтік міндеттерді орындауға, сондай-ақ спорттық және мәдени іс-шараларға қатысуға қатысты қолданылмайды.
ІІМ мәліметінше, жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-3-бабында көзделген. Алғаш рет құқық бұзғандарға ескерту жасалады. Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Қазір аталған норма бойынша 1 179 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Министрлік бұл талап қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Ведомство азаматтарды қоғамдық орындарда заң талаптарын сақтауға шақырды.