Астанада Халықаралық балаларды қорғау күні дәстүрлі түрде ересектерге де, балаларға да арналған қызықты әрі мазмұнды бағдарламасы бар мерекелік іс-шаралар өтеді. Биыл да бұл үрдіс жалғасады. Бұл жолы Астанада мерекеге ерекше дайындық жүріп, бағдарлама жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше бағытқа бөлінді. Бұл балалар мен жасөспірімдердің барынша көп қатысуына мүмкіндік береді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мерекелік бағдарлама алты блоктан тұрады. Әрқайсысы белгілі бір жас санатындағы балалардың қызығушылығына сай әзірленген.
Алғашқы «Бесік әлемі» блогы үш жасқа дейінгі бүлдіршіндерге арналған
1 маусым күні Жастар саябағында дәстүрлі «Арба FEST» арбалар шеруі өтеді. Ал Президент саябағында еңбектейтін сәбилерге арналған «Шапшаң бөбек» спорттық жарысын тамашалауға болады. Сондай-ақ қала саябақтарында «Бақыт мекені» отбасылық фотоаймақтары мен «Бала әлемі» дамытушы ойын алаңдары ұйымдастырылып, мерекелік көңіл күй сыйлайды.
Бағдарламаның екінші «Балапан әлемі» блогы 3-6 жас аралығындағы балаларға арналған. 25 мамыр мен 1 маусым аралығында кішкентай астаналықтарға судағы, көшедегі және интернеттегі қауіпсіздік ережелері қарапайым форматта түсіндірілетін танымдық әрі ойын іс-шаралары өтіп жатыр.
1 маусым күні III Халықаралық клоундар фестивалі өтеді. Сағат 12:00-де фестивальге қатысушылар «Бәйтерек» монументі маңынан бастап Ғашықтар саябағына дейін шеру жасайды. Саябақ «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының қарсы бетінде орналасқан. Ал сағат 17:00-де Амфитеатрда фестиваль әртістерінің қатысуымен концерт өтеді.
Осы күні сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін қалалық емханалар балаларды тіс дәрігерлерінің профилактикалық тексеруінен өткізу бойынша ашық есік күнін ұйымдастырады.
Үшінші «Білім мен арман әлемі» блогы – 7-10 жас аралығындағы балаларға арналған.
30 мамыр күні сағат 11:00-де Жерұйық-2 саябағында (Достық үйінің артында)«Бақытты шаңырақ» ерекше балаларға арналған «Бақытты бала» мерекелік іс-шарасын өткізеді.
1 маусым күні сағат 12:00-де Кірпішті тұрғын алабында дәстүрлі «Көңілді старттар» басталса, бір сағаттан кейін осындай іс-шара Өндіріс тұрғын алабында ұйымдастырылады.
Сағат 15:00-де «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында балалар сән көрсетілімі өтеді.
Сағат 10:00-де №64 мектеп-лицейінде «Әлем балалар көзімен» атты ашық аспан астындағы шығармашылық байқау ұйымдастырылады.
Осы күні Техникалық және көркем шығармашылық орталығында балалар жұмысының көрмесі мен «Баршаға қуаныш сыйлаймыз» шеберлік сабақтары өтеді. Сонымен қатар сағат 10:00-де Қалалық алаңда концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.
Төртінші «Жас өркен» блогы – 11-14 жас аралығындағы балаларға арналған.
25 мамыр мен 1 маусым аралығында сағат 11:00-де Орталық саябақта, Президент саябағында және «Жетісу» саябағында «Бақытты балалық үшін» іс-шарасы өтіп жатыр. Оның аясында балаларға суда, көшеде және интернетте өзін ұстау ережелері, жарақат пен қауіпті жағдайлардың алдын алу жолдары түсіндіріледі.
29 мамыр күні сағат 16:00-де Есіл жағалауындағы Амфитеатрда «Жасыл ел» жазғы еңбек маусымының салтанатты ашылуы өтеді.
25-31 мамыр аралығында қалалық полиция департаменті балаларға кинологиялық орталыққа экскурсия ұйымдастырады.
Сағат 10:00-де М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы алаңында «Bala energy» open-air фестивалі өтеді. Осы уақытта «ARQA ALAN» ұлттық спорт түрлерін дамыту орталығында «Ethno Games АрқаLan» фестивалі ұйымдастырылады.
Бағдарламаның бесінші «Болашаққа қадам» блогы жасөспірімдерге арналған.
1 маусым күні елордада «Astana FIDA Drone Soccer Championship» халықаралық дрон-футбол чемпионаты өтеді.
Сағат 11:00-ден 15:00-ге дейін Амфитеатр сахнасында «QosymshaFest» фестивалі ұйымдастырылады.
Осы уақытта әкімдік алдындағы қалалық алаңда опера және балет театрымен бірлескен «Түрлі-түсті мозайка» байқауы өтеді.
Ең ауқымды алтыншы «Бақытты отбасы» блогы отбасылық құндылықтарға арналған.
28 мамырда Паралимпиадалық жаттығу орталығында балалар арасында спорттық-ойын-сауық жарыстары өтеді.