Ақтөбеде бензин ішіп қойған 1-сынып оқушысы ауруханаға түсті

Бүгін, 09:17 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ақтөбе облысының Қобда ауданында бірінші сынып оқушысы мектепте бензин ішіп қойып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға оқу жылы аяқталарға аз уақыт қалғанда болған. Үлкен үзіліс кезінде бірінші сынып оқушысы далада ойнап жүрген. Кейін белгісіз себеппен мектептің жертөлесіне түсіп кеткен. Сол жерден ішінде белгісіз сұйықтық бар ыдысты тауып алып, ішіп қойған. Содан кейін қайтадан сыныпқа оралған.

Сабақ барысында мұғалім баладан бензиннің иісі шығып тұрғанын байқап, сұрастыра бастағанда, бала болған жағдайды айтып берген.

Оқушы сабақ аяқталғанша мектепте отырған, ал үйіне барғаннан кейін оның құса бастағаны белгілі болды. Анасы баласын ауруханаға апарған. Дәрігерлер оның асқазанын шайып, кейін облыстық балалар клиникалық ауруханасына жіберген. Ол жерде бала ем қабылдап, қазір үйіне шығарылған.

Білім басқармасы Қобда ауданындағы жеті жастағы баланың бензин иісі бар сұйықтықты абайсызда ішіп қойғаннан кейін ауруханаға жатқызылғанын растады.

Облыстық балалар ауруханасында ем алып, бақылауда болғаннан кейін оның жағдайы тұрақтанған. Қазір өміріне қауіп жоқ, бала үйіне шығарылған.

Білім басқармасында оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылған.

Тэгтер:

Аурухана мектеп оқушы Ақтөбе Бензин 1 сынып оқушысы