Норвегияның Осло қаласында өтіп жатқан беделді Norway Chess Women-2026 халықаралық турнирінде қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева сәтті старт алды. Алғашқы турдан кейін отандасымыз турнирлік кестеде көш бастады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бибісара алғашқы партиясында қара фигуралармен ойнап, Үндістанның тәжірибелі әрі титулды шахматшысы Хампи Конерумен кездесті. Тартысты өткен ойында қазақстандық шахматшы салқынқандылық танытып, қарсыласынан басым түсті.
Осы жеңістің арқасында Бибісара Асаубаева қоржынына 3 ұпай салып, бірінші ойын күнінің қорытындысы бойынша турнир кестесінің бірінші орнына көтерілді.
Алғашқы турдан кейінгі жағдай бойынша Бибісара Асаубаева 3 ұпаймен көш бастап тұр. Үндістандық Дивья Дешмукх пен қытайлық Чжу Цзиньэр 1,5 ұпайдан жинап, келесі орындарға жайғасты. Қытай шахматшысы Цзюй Вэньцзюнь мен украиналық Анна Музычуктың еншісінде 1 ұпайдан бар. Ал Хампи Конеру әзірге ұпайсыз қалды.
Айта кетейік, Халықаралық шахмат федерациясының әйелдер арасындағы жаңартылған әлемдік рейтингінде Бибісара Асаубаева 7-орында тұр. Norway Chess Women-2026 турниріндегі сәтті бастама оның халықаралық аренадағы жоғары деңгейін тағы бір мәрте көрсетті.