Чехия тұрғыны лотереядан адам сенгісіз ұтысқа ие болды

Бүгін, 21:14 / Жамбыл Жайлау
depositphotos.com

Чехияда Eurojackpot лотереясының қатысушысы бас жүлдеге қажетті барлық санды дәл тауып, 120 миллион еуро ұтып алды. Бұл шамамен 66,7 миллиард теңгеге тең, деп хабарлайды turkystan.kz.

Лотереяны үйлестіруші Westlotto компаниясының мәліметінше, ірі ұтыс Чехияда тіркелген. Әзірге бұл соманың бір адамға тиесілі екені немесе билетті бірнеше адамның бірігіп сатып алғаны нақтыланбаған.

Германияда да бірнеше қатысушы қомақты ұтысқа ие болды. Солтүстік Рейн-Вестфалия федералдық штатынан бір ойыншы, Саксониядан екі тұрғын және Тюрингиядан бір адам 4 миллион еуродан ұтқан. Мұндай соманы Норвегия тұрғыны да иеленді. Бұл ұтыстардың да жеке адамға немесе бірнеше қатысушыға тиесілі екені белгісіз.

Eurojackpot лотереясында бас жүлдені алу үшін қатысушылар 1-ден 50-ге дейінгі аралықтан бес санды және 1-ден 12-ге дейінгі аралықтан екі қосымша санды дәл табуы керек. Бұл жолы 5, 11, 23, 33, 42 сандары мен 10 және 12 қосымша сандары сәттілік әкелді.

Бұған дейін 13 ұтыс ойынында ешкім қажетті комбинацияны таба алмаған. Сол себепті әр ұтыс сайын жүлде қоры өсіп, ақырында 120 миллион еуроға жеткен.

Айта кетейік, биыл Eurojackpot-та джекпот сегіз рет ойнатылған. Сәуір айының басында Финляндия мен Словакия қатысушылары барлық санды дәл тауып, 5 миллион еуродан ұтып алған еді.

Ал Германияда соңғы ірі жеңімпаз 31 наурызда анықталды. Сол кезде Солтүстік Рейн-Вестфалия штатының тұрғыны немесе ойыншылар тобы 70,7 миллион еуро ұтқан.

Германияда лотерея ұтысына салық салынбайды. Ал Eurojackpot-та бас жүлдені ұту ықтималдығы 140 миллионнан 1-ге тең.

Тэгтер:

Чехия