Кореядағы Сеул Әулие Мария университеттік ауруханасы ғалымдары негізгі тамақтану уақыттарын жиі өткізіп жіберетін адамдарда депрессия белгілері жиірек кездесетінін анықтады. Зерттеу нәтижелері Journal of Affective Disorders журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеу барысында 2014–2022 жылдар аралығында жиналған 21 568 ересек адамның деректері талданған. Мамандар қатысушылардың таңғы ас, түскі ас және кешкі асты қаншалықты жиі ішетінін, тағам рационының алуан түрлілігін және депрессия белгілерінің деңгейін бағалады.
Ғалымдар аптасына бес реттен аз тұтынылатын негізгі ас түрлерін «ретсіз тамақтану» деп есептеген. Сонымен қатар дәнді дақылдар, көкөністер, жемістер, ет өнімдері, бұршақ тұқымдастар мен жаңғақтар, сондай-ақ сүт өнімдері сияқты алты тағам тобы бойынша рационның әртүрлілігі де зерттелді.
Нәтижесінде тамақтану тәртібі ең тұрақсыз адамдарда депрессия белгілерінің пайда болу ықтималдығы тұрақты тамақтанатындарға қарағанда 1,55 есе жоғары болған. Ас қабылдау кестесі қаншалықты ретсіз болса, көңіл күйдің төмендеу қаупі де соншалықты артқаны байқалған.
Бұл байланыс әсіресе рационы бірсарынды адамдар арасында айқын көрінген. Ал тағам түрлері әртүрлі болған жағдайда ретсіз тамақтанудың жағымсыз әсері біршама әлсіреген. Зерттеушілер мұны дәрумендердің, қабынуға қарсы заттардың және ішек микрофлорасына пайдалы компоненттердің көбірек түсуімен байланыстырады.
Зерттеуде таңғы асқа ерекше назар аударылған. Таңғы асты жиі өткізіп жіберетін адамдарда депрессия белгілерімен байланыс күштірек болған. Ал таңғы ас ішпейтін әрі рационы кедей қатысушылардың психикалық жағдай көрсеткіштері ең төмен деңгейде тіркелген.
Мамандардың айтуынша, таңғы ас түнгі ашығудан кейін ағзадағы зат алмасу үдерістерін іске қосады. Оны өткізіп жіберу қандағы қант деңгейінің ауытқуына және эмоциялар мен когнитивтік функцияларға әсер ететін гормондық ырғақтардың бұзылуына әкелуі мүмкін.
Сонымен бірге зерттеу бұл факторлардың депрессияны тікелей тудыратынын дәлелдемейді. Ғалымдар керісінше байланыс та болуы мүмкін екенін айтады: депрессияға шалдыққан адамдардың тәбеті төмендеп, тамақ ішуге ынтасы азаюы ықтимал.
Дегенмен зерттеу авторлары психикалық денсаулықты сақтау үшін тағамның құрамы ғана емес, оны қабылдау тәртібі де маңызды рөл атқаратынын атап өтті.