ІІМ: Жазғы демалыс кезінде балаларды бақылауда ұстау маңызды

Бүгін, 17:53 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Ішкі істер министрлігі жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

- Құрметті азаматтар! Ішкі істер министрлігі жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырады. Дәл осы уақытта балалардың қараусыз қалуы, заң бұзушылықтарға жол беруі, жол-көлік оқиғаларына ұшырауы, судағы және тұрмыстағы қайғылы жағдайлардың қаупі артады. Ең алдымен бұл жерде ата-аналардың рөлі ерекше. Балаларға ата-аналық бақылауы мен назары аса маңызды. Балалардың қайда және кіммен жүргенін, күндіз немен айналысатынын, қызығушылықтары мен араласатын ортасы қандай екенін білу қажет. Сонымен қатар ата-аналардан цифрлық қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударуды сұраймыз. Бүгінде балалар уақыттарының көп бөлігін интернетте өткізеді. Сондықтан баланың қандай сайттарға кіретінін, әлеуметтік желілерде кіммен сөйлесетінін, буллингке, психологиялық қысымға немесе зиянды контентке тап болмауын бақылау қажет. Ата-аналарға балаларды тәрбиелеу мен олардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік жүктелетінін еске саламыз. Ұстаздарды да демалыс кезінде отбасылармен байланыста болуға, қиын жағдайдағы балаларға назар аударуға және дер кезінде ден қоюға шақырамыз. Қоғамның қатысуы да маңызды. Егер сіз қауіпті жағдайда жүрген баланы, кешкі уақытта ересектердің қарауынсыз жүрген жасөспірімді, су айдындарының жанында, жол бойында немесе қауіп төндіретін ортада жүрген баланы көрсеңіз - бейжай қарамаңыз. Бір ескерту, бір қоңырау немесе дер кезінде жасалған әрекет баланың денсаулығы мен өмірін сақтап қалуы мүмкін. Кәмелетке толмағандарға алкогольдік ішімдіктер мен темекі өнімдерін сату, ересектердің қарауынсыз түнгі уақытта ойын-сауық орындарында және тұрғын үйден тыс жерлерде жүру деректері қатаң түрде тоқтатылатын болады. Бүгінде балалардың қауіпсіздігі - отбасының, мектептің, мемлекеттің және бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі, - деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов.