Қостанай облысы Арқалық қаласында орналасқан №5 орта мектепте өрт шықты. Төрт қабатты білім ордасының шатыры жанған, деп хабарлайды turkystan.kz.
ТЖМ мәліметінше, өрт туралы хабар түскеннен кейін алғашқы құтқару бөлімшесі оқиға орнына 3 минут ішінде жеткен. Мамандар келген сәтте мектеп шатырының шамамен 1100 шаршы метр аумағы ашық жалынмен жанып жатқанын анықтаған.
Өртті сөндіруге өрт сөндіру бөлімдері мен ТЖМ жедел-құтқару жасағының күштері жұмылдырылды. Сонымен қатар оқиға орнында полиция қызметкерлері мен жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмыс істеп жатыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ.
Өрт сөндірушілерге үздіксіз су беру үшін мектептен 300 метр қашықтықта орналасқан екі өрт гидранты пайдаланылуда. Қазір мамандар тілсіз жауды ауыздықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.