Ақтөбеде жарылыс болып, тұрғын үй қирады (ВИДЕО)

Бүгін, 21:30 / Жамбыл Жайлау
ашық дереккөзден

Ақтөбеде жеке тұрғын үйде жарылыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға табиғи газдың таралуы себеп болуы мүмкін. Газ-ауа қоспасының жарылуынан кейін үй қирап, үйінді астынан қаза тапқан адамның денесі табылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Оқиға Ақтөбе қаласының Алматы ауданында, Түрксіб көшесі, 125 мекенжайындағы жеке тұрғын үйде болған. Алдын ала болжам бойынша, жарылыс табиғи газдың сыртқа шығуынан туындаған.

Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, газ-ауа қоспасы жарылып, салдарынан шамамен 100 шаршы метр аумақта үй құлаған. Оқиға орнынан әйел адамның мәйіті табылды.

"Оқиға орнында бір адамның қаза тапқаны анықталды. Салдарын жоюға ТЖД, апаттар медицинасы орталығы, жедел-құтқару жасағы күштері мен құралдары, сондай-ақ кинологиялық есеп жұмылдырылды. Оқиға орнында полиция департаментінің қызметкерлері мен шұғыл қызметтер жұмыс істеп жатыр", – деп хабарлады ведомство.

Жергілікті пабликтер оқиға орнынан түсірілген видеоларды жариялап жатыр.

Тұрғындардың айтуынша, жарылыс толқыны өте қатты болған. Тіпті көрші үйлердің терезелері дірілдеген.

Қазір құтқарушылар үйінділерді аршып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Тэгтер:

Ақтөбе үй Жарылыс