Пуэрто-Рикодан шыққан 32 жастағы шабандоз Эдгард Заяс жарыс кезінде аттан құлап, ауыр жарақаттан аман қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Aqueduct ипподромында болған. Эдгард Заяс Глинт атты сәйгүлікпен бір миль қашықтықтағы жарысқа қатысқан.
Бәйге кезінде ол алаңның сыртқы бөлігіне шығып, ыңғайлы позиция алуға тырысқан. Сол сәтте оның аты алда келе жатқан қарсыласының сәйгүлігінің артқы аяғына тиіп кетіп, сүрініп, бірден тоқтап қалған.
Тепе-теңдікті жоғалтқан шабандоз ерден ұшып кеткен. Заяс аттың басынан асып түсіп, жерге құлаған. Оның аяғы үзеңгіден шығып кеткен, ал сәйгүлік шабандозсыз ары қарай шаба берген.
Абырой болғанда, оқиға ауыр зардапсыз аяқталды. Эдгард Заяс елеулі жарақат алмаған. Оның беті мен қолында тек жеңіл сызаттар қалған. Сәйгүлік те зардап шекпеген.
Кейін жокей әлеуметтік желідегі парақшасында жанкүйерлеріне қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, жағдайының жақсы екенін жеткізді.
"Бүгін маған дұға жасап, хабарлама жазып, жылы сөз айтқан баршаңызға рақмет. Құдайға шүкір, жағдайым жақсы, ешқандай ауыр жарақат алған жоқпын", – деп жазды Эдгард Заяс.