Әке атану ер адамның миын өзгертеді – зерттеу

Бүгін, 19:30 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Германиялық ғалымдар әке атану ер адамның ми құрылымына елеулі әсер ететінін анықтады. Зерттеу нәтижелері бойынша, сәби дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы айларда мидағы кейбір аймақтардың көлемі азайып, кейін басқа бөліктері ұлғая бастайды. Бұл өзгерістер әкелердің жаңа міндеттерге бейімделуіне және бала күтімі дағдыларын дамытуына көмектеседі, деп хабарлайды turkystan.kz. Зерттеу нәтижелері Translational Psychiatry журналында жарияланды.

Зерттеуді RWTH Aachen University ғалымдары жүргізген. Мамандар 25 әкенің миын бірнеше рет сканерлеп, нәресте туғаннан кейінгі алғашқы апталарда нейрондық байланыстардың белсенді түрде қайта құрылатынын байқаған.

Зерттеу барысында алғашқы 12 апта ішінде ер адамдарда сұр зат көлемінің біртіндеп азаятыны анықталды. Ал 12–24 апта аралығында мидың кейбір бөліктері қайтадан ұлғая бастаған. Ең үлкен өзгерістер алғашқы алты аптада байқалған. Осы кезеңде төбе, самай, маңдай және шүйде бөліктеріндегі белсенділік төмендеген.

Ғалымдардың айтуынша, сұр зат көлемінің азаюы жағымсыз құбылыс емес. Керісінше, бұл мидың өмірдің жаңа кезеңіне бейімделіп жатқанын көрсетеді.

Сонымен қатар әкелерде зейінді басқаруға жауап беретін алдыңғы белдеулік қыртыстың сол жақ бөлігі ұлғайған. Сондай-ақ дофамин өндірумен байланысты қара субстанцияның белсенділігі артқан. Эмоцияларды өңдеуге қатысатын миндалинаның басқа ми аймақтарымен байланысы да күшейген.

Ғалымдар бұл өзгерістердің барлығы баланы күтуге және оған эмоционалдық тұрғыдан жауап беруге көмектесетін «ата-аналық ми желісінің» қалыптасуымен байланысты екенін айтады.

Зерттеу жетекшісі әкелер жүктілікті бастан өткермесе де, сәби дүниеге келгеннен кейін олардың ағзасы мен миы жаңа өмір салтына бейімделетінін атап өтті.

Тэгтер:

әке ми