ҚазҰУ ғалымдары жол-көлік оқиғаларын азайтуға бағытталған AI-жобаны іске қосты

Бүгін, 15:39 / Інжу Әлихан
ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі Farabi Supercomputer орталығы қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға және жол-көлік оқиғаларын азайтуға бағытталған интеллектуалды пилоттық жобаны іске қосты. Аталған бастаманы ҚазҰУ базасындағы Инжиниринг және жоғары технологиялар кластері, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті бірлесіп іске асырып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жоба екі негізгі бағытты қамтиды. Бірінші бағыт – қылмысты болжау жүйесі. Жасанды интеллект пен суперкомпьютерлік технологиялардың көмегімен қылмыс жиі тіркелетін аумақтар анықталып, құқық қорғау органдарына арнайы талдау мен көрсеткіштер ұсынылады. Бұл құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттырып, алдын алу шараларын күшейтуге мүмкіндік береді.

Екінші бағыт – жол-көлік оқиғаларын предиктивті талдау. Жүйе қала аумағындағы жол апаттары жиі болатын аймақтарды анықтап, оларды арнайы индикаторлар арқылы белгілейді. Соның нәтижесінде қауіпті учаскелерге бақылауды күшейтіп, жол қауіпсіздігін арттыруға жағдай жасалады.

«Аталған екі жоба суперкомпьютерлік есептеулерді, жасанды интеллектіні, геоақпараттық технологияларды және үлкен деректерді талдауды қолдануға негізделген. Объективті аналитикалық базаны қалыптастыру үшін ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистикасы мен арнайы есепке алу деректері пайдаланылады. Құқық қорғау органдары арнайы платформадан қаланың динамикасын бақылап, «қызыл» аймақтардағы тәртіптік шараларды күшейтеді. Бұл инновациялық тәсіл мемлекеттік және қалалық органдарға тәуекелдерді алдын ала басқару жүйесіне көшуге жол ашады», – дейді ҚазҰУ-дағы Инжиниринг және жоғары технологиялар кластерінің бас директоры Өміржан Тәукебаев.

Болашақта ғалымдар жобаны Қазақстанның өзге қалаларында да жүзеге асыруды жоспарлап отыр.