Масуд Пезешкиан елдегі интернетке қолжетімділікті қайтару туралы тапсырма берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Иран бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Пезешкианның тиісті жарлығы Иранның Байланыс министрлігіне жолданған.
Сонымен қатар Иран үкіметінің ақпарат мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Али Ахмадния бұл ақпаратты растады.
«Үкіметтің барлық өкілдері интернетті дағдарысқа дейінгі деңгейде қалпына келтіру үшін дауыс берді», — деп жазды Ахмадния Х әлеуметтік желісінде.
Иран президентінің жарлығы 26 мамыр күні орындалады.
Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсан айының соңында Иранда ұлттық валютаның күрт құнсыздануына байланысты наразылықтар басталған болатын. Кейін олар тәртіпсіздіктер мен билікке қарсы акцияларға ұласты. Осыдан кейін елде интернет өшірілген еді.
Қаңтар айының ортасында билік жағдайдың тұрақтанғанын мәлімдегеннен кейін интернетке қолжетімділік біртіндеп қалпына келтіріле бастады. Алайда 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылынан кейін халықаралық желіге қолжетімділік қайта шектелді.