Алматыда жұмбақ жағдайда қайтыс болған жігіттің жанұясы жанайқайын жеткізді

Бүгін, 23:41 / Жамбыл Жайлау
ашық дереккөзден

Алматыда жұмысынан аз уақытқа сұранып шыққан 25 жастағы Ерзат Егінбай төрт күннен кейін су қоймасынан өлі табылды. Жақындары оны бірнеше күн бойы күндіз-түні іздегенімен, 72 сағаттан соң қаралы хабар жеткен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Марқұмның денесін Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы маңындағы су қоймасынан балықшылар тапқан. Қайғыдан қан жұтқан отбасы Ерзаттың өлімін кездейсоқ жағдай деп қабылдай алмай отыр. Олар бұл оқиғаға қатысты күдікті жайттар бар екенін айтып, істің әділ тергелуін талап етуде.

Ерзат Егінбай 19 мамыр күні әдеттегідей жұмысына кеткен. Алматыда геодезистің көмекшісі болып еңбек еткен жас жігіт түстен кейін басшысынан "дүкенге барып келемін" деп сұранып шыққан. Алайда сол кеткеннен қайта оралмаған. Кешке қарай әріптестері оның жиналысқа келмегенін байқап, әйеліне хабар берген.

Осы сәттен бастап туыстары дабыл қаға бастаған. Түн ортасына қарай Ерзаттың ағасы полицияға арыз түсірген. Марқұмның жақындарының айтуынша, құқық қорғау органдары іздеу жұмыстарына бірден белсенді кіріспеген. Уайымға түскен отбасы бейнебақылау камераларын өздері қарап, Ерзаттың соңғы жүрген бағытын анықтауға тырысқан.

"Камера бәріне көрініп тұр ғой, неге тез әрекет етпейсіздер деп айттық. Асықпады, мүлде асықпады. Уақыт жоғалтып алдық. IMEI кодын да бердік. Телефонынан белгі түскен жерлерге барып іздедік. Көбінесе өзіміз іздедік. Ол құмар ойын ойнамайтын, жұмысына барып, кешке үйіне қайтатын. Күнде сағат 17:00-де келіншегіне хабарласатын", – деді марқұмның анасы Талша Құсайынова.

Кейін Ерзаттың Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарай кеткені анықталған. Туыстарының сөзінше, камера жазбаларында оның алаңдап, әлдекімді іздегендей жан-жағына жиі қарағаны байқалады. Арасында телефонмен сөйлескенге ұқсайды. Сағат 15:20 шамасында ол Космос ауылындағы "Мектеп" аялдамасынан түскен. Бұдан кейін қайда барғаны белгісіз. Ауыл көшелерінде бейнекамера болмағандықтан, оның әрі қарайғы бағытын анықтау қиынға соққан.

Төрт күн бойы іздеу жүргізген туыстары аурухана мен мәйітханаларды да аралап шыққан. 23 мамырда отбасы Ерзаттың қайтыс болғаны туралы қаралы хабар естіді.

"72 сағат деген сұмдық қой. Мұндай қайғы әр қазақтың басына түсуі мүмкін. Сонда әр қазақтың баласы өлсін деп тұр ма? Неге жылдам қозғалмайды? Егер оперативті әрекет еткенде, бәрі басқаша болар ма еді. Тірі шығар деп бес күн үміттендік. Жүрегім қан жылап тұр", – деді марқұмның әкесі Шалқар Құсайынов.

Ерзаттың денесі Космос ауылы маңындағы балық аулауға арналған жекеменшік су резервуарынан табылған. Туыстарының айтуынша, ол жоғалған күні телефоны дәл осы маңнан екі рет белгі берген. Соған қарамастан іздеу бірнеше тәулікке созылып кеткен. Ақырында денені жағалауға жақын жерден балықшылар байқаған.

Отбасы бұл істегі тағы бір күмәнді жайтты атады. Олардың айтуынша, су қоймасы аумағына кіріп-шығатын көліктердің нөмірі мен жүргізушілердің аты-жөні тіркеледі. Сондықтан марқұмның өліміне қатысы болуы мүмкін адамдар туралы мәлімет сол нысан басшылығында болуы ықтимал дейді жақындары.

Қара жамылған отбасы Ерзаттың өлімін суицид немесе кездейсоқ жағдай деп есептемейді. Олардың сөзінше, мәйіт табылған кезде мойын тұсында күмәнді белгілер болған. Алайда полицияның алдын ала мәліметі бойынша, марқұмның денесінен зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған. Енді нақты қорытындыны сараптама нәтижесі көрсетпек.

"Алматы қаласындағы су айдындарының бірінен хабар-ошарсыз кеткен ер адамның мәйіті табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, денеден зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр", – деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Ерзат Егінбайдың шаңырақ көтергеніне небәрі жарты жыл болған. Ол бір апта бұрын ғана әке атанатынын білген. Болашағына жоспар құрып, сәбиінің дүниеге келуін күткен жас жігіттің қазасы жақындарына ауыр соққы болды. Марқұмның отбасы істің ашық әрі әділ тергелуін сұрап отыр.

Тэгтер:

Алматы