Қазақстандық балуандар Азия чемпионатында тарихи жетістікке жетті

Бүгін, 23:14 / Жамбыл Жайлау
United World Wrestling

Қазақстандық балуандар 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында өтіп жатқан 2026 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионатының кезекті күнін бір алтын медальмен аяқтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Дүйсенбі күні Қазақстан құрамасына жалғыз алтын жүлдені еркін күрес өкілі Маис Әлиев сыйлады. Ол 70 келіге дейінгі салмақта белдесіп, үш кездесуінің бәрінде жеңіске жетті. Финалда қырғызстандық Залқарбек Табалдиевті 10:8 есебімен ұтып, чемпион атанды.

Тағы бір қазақстандық еркін күрес шебері Еламан Амангелді 57 келіге дейінгі салмақта күміс медаль иеленді. Ол шешуші белдесуде үндістандық Акшай Танаджи Дхереден жеңіліп қалды.

Қазақстанның әйелдер құрамасы дүйсенбі күні жарыстағы өнерін аяқтады. Бұл күні Алтын Шагаева 57 келіге дейінгі салмақта, ал Тыныс Дүбек 62 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдегер атанды.

Әйелдер командаларының жалпы рейтингінде Қазақстан құрамасы екінші орынға тұрақтады. Бірінші орынды он салмақтың алтауында алтын алған Үндістан балуандары иеленді.

Вьетнамның Дананг қаласында өтіп жатқан турнирде Қазақстан құрамасының қоржынында әзірге төрт алтын медаль бар. Маис Әлиевтен бөлек, Айбек Айтбеков 60 келіге дейінгі салмақта, Ислам Евлоев 97 келіге дейінгі салмақта және Шұғыла Өмірбек 55 келіге дейінгі салмақта чемпион атанған.

Тэгтер:

Азия чемпионаты