Ақтөбеде мектеп оқушысы ағаштың түбінен пакетке оралған нәрестені тауып алған

Бүгін, 22:03 / Жамбыл Жайлау
unsplash.com

Ақтөбеде жантүршігерлік оқиға болды. Қаладағы аулалардың бірінде 11 жастағы мектеп оқушысы ағаш түбінен пакетке оралған жаңа туған нәрестені тауып алды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Оқиға 23 мамыр күні Гагарин көшесіндегі екі қабатты үйдің маңында болған. Екі қабат пакетке салынған сәби шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Қазір полиция баланың анасын анықтап жатыр.

Жергілікті тұрғын Любовь Шестакованың айтуынша, қыз бала алдымен пакет ішінен мияулағанға ұқсас дыбыс естіген. Ол ішінде марғау болуы мүмкін деп ойлаған. Кейін сыртқа шығып қалған нәрестенің аяғын көріп, үлкендерге хабар берген.

"Өткен сенбіде ауламыздан 11 жастағы қыз пакетке салынған жаңа туған нәрестені тауып алды. Сәби алдымен ақ пакетке, кейін қара пакетке салынып, аузы байланған екен", – дейді тұрғын.

Аула тұрғындары нәресте табылған жердің бұрыннан қараусыз жатқанын айтады. Маңайда ескі гараждар орналасқан, аумақ қоқысқа толы әрі балалар үшін қауіпсіз емес көрінеді.

"Бұл жерді ретке келтіріп, гараждарды бұзса екен дейміз. Балалар бұл маңнан өтуге қорқады. Енді, міне, баланы да осы жерге тастап кетіпті. Абырой болғанда, уақытында тауып алды", – дейді тұрғындар.

Куәгерлердің бірі нәресте табылардың алдында аулада күмәнді әйел жүргенін айтты. Оның сөзінше, әйел алдымен пакетті үйдің бір шетіне қойған, кейін ағаш түбіне апарып тастап, тез кетіп қалған. Тұрғындар ол әйел сәбидің анасы болуы мүмкін деп болжайды.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жаңа туған нәресте қалалық балалар ауруханасына ауыр жағдайда жеткізілген.

"23 мамырда қалалық балалар ауруханасына тоңып қалған жаңа туған нәресте түсті. Ол жансақтау бөліміне жатқызылып, қажетті медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр", – деді басқарма басшысының орынбасары Айгүл Аманжолова.

Ақтөбе облысының полициясы баланың анасы әзірге анықталмағанын хабарлады. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 119-бабы, яғни «Қауіпті жағдайда қалдыру» бойынша тергеу басталды.

Тэгтер:

Ақтөбе нәресте пакет