АҚШ-тың Техас штатында тұратын ерлі-зайыптылар Coca-Cola брендінің кәдесыйлары мен естелік заттарынан тұратын әлемдегі ең үлкен жеке коллекцияның иесі атанды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Олардың үйіндегі бір бөлме шағын музейді еске салады. Мұнда ашылмаған сусын құтыларынан бастап, сауда автоматтары, ас үй ыдыстары, печенье салғыш құтылар, көне жарнамалық тақтайшалар және әртүрлі кезеңдерде шығарылған бөтелкелер мен банкаларға дейін сақталған.
Ерлі-зайыптылар кейінгі отыз жыл бойы Coca-Cola өнімдеріне қатысты заттарды жинап келген. Уақыт өте келе коллекцияның көлемі соншалық ұлғайғандықтан, оған үйдегі жеке бөлмені арнауға тура келген.
Қазір олардың топтамасында 7 099 бірегей бұйым бар. Бұл көрсеткіш бұрынғы рекорд иесінен шамамен 1 500 затқа көп.
Бардо Куэльярдың айтуынша, ол бастапқыда рекорд орнатуды мақсат етпеген.
– Мен жай ғана Coca-Cola заттарын жинағанды ұнаттым. Коллекциямды антиквариат дүкендерінен, интернет-аукциондардан сатып алынған бұйымдармен және достарым мен туыстарым сыйлаған заттармен толықтырып отырдым. Уақыт өте келе оның көлемі соншалық өсті, тіпті отбасым Guinness World Records-қа өтінім дайындауға көмектесті, – дейді ол.
Оның Coca-Cola естелік заттарына қызығушылығы 1997 жылы басталған. Сол кезде ерлі-зайыптылар досының туған күніне Coca-Cola стилінде жасалған керамикалық ыдыстар жиынтығын сатып алады. Бұйым Бардоға қатты ұнағандықтан, ол дәл сондай жиынтықты өзіне де алған.
– Қалғаны тарихқа айналды, – деп әзілдейді жұп.
Коллекциядағы көптеген заттарды оларға жақындары сыйлаған. Дегенмен Куэльярлар үшін ең қызығы – сирек кездесетін бұйымдарды іздеу. Олар қайта сату дүкендеріндегі көне жарнамалық тақтайшаларды, ерекше логотиптері бар бөтелке қақпақтарын және бренд тарихымен байланысты басқа да сирек заттарды табуды жақсы көреді.