Абай облысында полиция қызметкерлері далада жоғалып кеткен 7 жастағы ерекше баланы тапты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Полицияның мәліметінше, мамамен сағат 10:09-да «102» арнасына аутизм диагнозы бар баланың жоғалғаны туралы хабарлама түсті. Әйелдің айтуынша, ұлы таңғы 9:30 шамасында үйден шығып кетіп, із-түзсіз жоғалған. Өз бетінше жүргізілген іздеу нәтижесіз болған.
Іздеуге дереу полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Көшелер, аулалар, бос жатқан жерлер және баланың жүруі мүмкін бағыттар тексерілді.
Шамамен сағат 11:40-та ювеналды полиция қызметкерлері — полиция капитаны Нұрғиса Бектасов пен полиция лейтенанты Темірлан Төлеуғазин — баланы ипподром маңынан, үйінен шамамен екі шақырым жерде тапты.
Бала ашық далада жалғыз жүрген, үстінде футболкасы болмаған.
— Далада ол мүлде жалғыз болды. Кенет қимылдар оны шошытып жіберуі мүмкін екенін түсіндім. Сондықтан оны сабырмен шақырып, ақырын жақындап, көтеріп алдым. Сол сәтте ол жай ғана мойнымнан құшақтап алды. Қызметтік көлікте әріптесім оған мультфильм қосып берді де, біз анасынa қарай жол тарттық, — деді полиция капитаны Нұрғиса Бектасов.
Баланың анасы ұлын аман-есен көргенде көз жасын тыя алмады.
— Ұлымның табылғанын айтқанда, жүрегім орнына түскендей болды. Бұл менің өмірімдегі ең ауыр сағаттар еді. Полиция қызметкерлеріне адамгершілігі, сабырлығы және көмегі үшін алғыс айтамын. Олар маған баламды қайтарды, — деді әйел.
Бақытқа орай, баланың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төнбеген.
Абай облысы Полиция департаменті еске салады: бала жоғалған жағдайда дереу полицияға хабарласу қажет. Мұндай жағдайларда әр минут маңызды.