ҰҚК: Есірткі тасымалының 11 арнасы әшкереленді

Бүгін, 11:54 / Інжу Әлихан
ҰҚК

Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сәуір айынан бастап жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде, есірткі жеткізудің 9 халықаралық және 2 өңірлік арнасы жойылды. Сонымен қатар 1 фитозертхананың заңсыз қызметі тоқтатылды.

Ақтау қаласының әуежайында жалпы салмағы шамамен 1 келі болатын 114 апиын капсуласын денесінде жасырын түрде алып өтпек болған шетелдік азамат ұсталды. Ал елорда әуежайында Оңтүстік Азия елдерінің бірінен 12 келі гашиш майын жеткізген Қазақстан азаматы қолға түсті.

Бұдан бөлек, ірі көлемдегі «көкнәр сабанын» контрабандалық жолмен тасымалдап, одан есірткі құралдарын өндіру және таратуға қатысы бар күдіктілерден құралған қылмыстық топтың әрекеті әшкереленіп, жолы кесілді.

Жалпы жүргізілген шаралар барысында 3,4 келі апиын, 9 келі гашиш, 11,4 келі синтетикалық есірткі, 18,5 келі гашиш майы, 26,4 келі марихуана, 110 грамм кокаин және 20 тоннаға жуық көкнәр сабаны, сондай-ақ 150 литрден астам прекурсорлар тәркіленді.

Аталған құқық бұзушылықтарға қатысы бар деген күдікпен 23 Қазақстан азаматы және 3 шетелдік ұсталды. Қазіргі уақытта бұл фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.