«Тастап кетпейсіз бе?»: бір ауыз сөзімен елді елжіреткен Айсұлтан жайлы анасы айтып берді

24 мамыр, 2026 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Айдана Дайырова

Үш жасар Айсұлтан туа біткен көз ауруымен өмірге келген. Соған қарамастан, зерек те сүйкімді бүлдіршін бүгінде бүкіл қазақ елінің ықыласына бөленіп отыр. Бала анасымен серуендеп жүрген кезінде түсірілген видео әлеуметтік желіде кең тарады. Айсұлтан қандай отбасында тәрбиеленіп жатыр, қандай қиындықтарды бастан өткерді – бұл туралы анасы Гүлбану Ахметова Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі бүлдіршіннің денсаулығына алаңдаса, енді бірі анасының сабыры мен қайсарлығына тәнті болды.

"Негізі Айсұлтанға арнайы парақша ашқанмын. Бірақ "Мама, мені тастап кетпейсіз ғой, иә?" деген видеосы қатты тарап кетті. Мұндай танымал болып кетеді деп ойламадым", – дейді анасы.

Айсұлтанның диагнозы – шала туған нәрестелердің 5-дәрежелі агрессивті ретинопатиясы.

"Айсұлтанды 34 аптасында босанып қойдым. Үш апта перзентханада жаттық. Үйге шығар кезде дәрігерлер "баланың көзі жетілмеген" деді. Ол сөзді түсінгеніммен, санам қабылдай алмады. Бір аптадан кейін кел деді, бірақ бір жағдайларға байланысты екі аптадан соң бардық. Кейін бізді шұғыл түрде Алматыға жіберді. Алматыдағы дәрігерлер көмектесе алмайтындарын айтып, Екатеринбургке жолдама берді. Бірақ мен ақтаулық офтальмолог дәрігердің кеңесімен Санкт-Петербургке бардым. Ол жақта екі рет ота жасаттық. Біріншісі – бір айлығында, екіншісі – 8-9 айында болды", – дейді Гүлбану Ахметова.

Санкт-Петербург дәрігерлері 2023 жылдың қарашасында қайта келуді ұсынған. Алайда Айсұлтанның анасы бұл шешімнен бас тартқан.

"Питерге балаларын бес реттен артық апарған ата-аналарды көрдім. "Баламның көзін неге қайта-қайта шұқыта беремін?" деп ойладым. Кейін Үндістанда бір дәрігер туралы естідік. "Баланы бір емдегеннен көзі көріп кетеді, қайтып шақырмайды" деген соң, 2023 жылдың қарашасында сонда бардық", – дейді ол.

Кейін Гүлбану Ахметова баласын Алматыдағы бірнеше клиникаға көрсеткен. Алайда барлығы баланы емдеуден бас тартқан.

"2025 жылы Үндістаннан офтальмолог дәрігер келеді дегенді естіп, Алматыға тағы бардық. Ол кісі "көреді" немесе "көрмейді" деп нақты айта алмайтынын жеткізді. Қазір осындай күйдеміз. Германия сияқты басқа елдерге де апарғым келеді. Бірақ одан пайда бола ма, жоқ па, білмеймін. "Көзі осылай қалады" дегенді санам түсінеді. Бірақ барлық мүмкіндікті байқап көрмей тыныштала алмайтын сияқтымын", – дейді анасы.

Анасының айтуынша, Айсұлтан өзінің ерекшелігін әлі толық түсінбейді. Ол жарықты сезеді, бірақ нақты қаншалықты көретінін анық айту қиын.

Айсұлтан Базарбаев – отбасындағы екінші бала. Ағасы Нұрислам алты жаста. Әкесі Айдос Базарбаев такси қызметінде жұмыс істейді, ал анасы бала тәрбиесімен және үй шаруасымен айналысады. Гүлбану – 28 жаста, жолдасы – 29 жаста. Отбасы Ақтауға былтыр жазда көшіп келген.

"2020 жылы анам ауырып, өмірден өтті. Сол кезде қатты қиналдым. Анасыз қалудың қандай болатынын жақсы түсінемін. Бәлкім, содан кейін шыңдалған шығармын. Қазір балаларымды өмірге бейімдеп тәрбиелеуге тырысамын. Бала қандай қиындық болса да, өмірге бейім болуы керек", – дейді Гүлбану Ахметова.

Ол Айсұлтанды ешқашан өзгелерден кем көрмегенін айтады.

"Кейде үйдегілер "көзі көрсе, былай болар еді" деп айтып жатады. Бірақ мен "көзі көрмесе де, ойнап жүр, ешкімнен кем емес" деймін. Айсұлтанды ешқашан кемтар бала деп қабылдаған емеспін. Үлкен ұлыма қалай қарасам, оған да дәл солай қараймын. Қалыпты баланы қалай тәрбиелесем, оны да солай тәрбиелеймін", – дейді ол.

Гүлбану ана атанғаннан кейін өмірдегі басты жауапкершілік бала екенін түсінгенін айтады.

"Менен де қиын жағдайды бастан өткеріп жүрген аналар бар. Нағыз мықты жандар – солар. Өзімді ерекше мықтымын деп есептемеймін. Барлық мақтау Аллаға ғана лайық. Болашақтағы арманым – Айсұлтан өз күнін өзі көріп, қатарынан қалмаса екен деймін. Бізге қолдау білдіріп жатқан бүкіл Қазақстан халқына алғысым шексіз", – дейді Гүлбану Ахметова.

Ол сондай-ақ ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандарға ризашылығын білдірді.

"Мен үшін бала бір жасында "мама" деп анық айтуы керек сияқты көрінетін. Ал Айсұлтан сөйлемейтін, тек күліп, жылайтын. Осы сұрақтармен Алматы мен Ақтаудағы орталықтардың мамандарынан кеңес алдым, көп нәрсе үйрендім. Сол кісілерге үлкен рақмет айтамын", – дейді ол.

Қазір Айсұлтан Ақтау қаласындағы №1 мамандандырылған балабақшаға барып жүр. Анасының айтуынша, тәрбиешілері өте мейірімді, солардың арқасында бала балабақшаға тез бейімделген.

"Тәрбиешілерін жақсы көретіні соншалық, "бүгін балабақшаға бармайсың" десек, жылайды. Достары да көп. Ешқайсысы бөліп-жарып қарамайды", – дейді баланың анасы.