Жеңіс Қасымбек: 2035 жылға дейін Астанада 140-қа жуық мектеп салынады

Бүгін, 18:06 / Нұрлан Әлинұр
Әлеуметтік желіден

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордадағы білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары туралы айтты. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қала басшысының сөзінше, қазіргі таңда мектеп салу және балаларға жайлы білім беру ортасын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты бірқатар мектеп пен Оқушылар сарайының құрылыс барысымен танысқан.

Әкімнің мәліметінше, жаңа оқу жылы ішінде тағы 12 оқу орны ашылады. Соңғы жылдары елордада 44 мектеп пайдалануға берілген. Бұл өз кезегінде қолданыстағы мектептердегі жүктемені азайтып, қосымша оқушы орындарын ашуға мүмкіндік берген.

Сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымға қажеттілігі жоғары аудандарға ерекше назар аударылып отырғаны айтылды.

Жеңіс Қасымбек 2027 жылға арналған дайындық жұмыстары да басталғанын жеткізді. Оның айтуынша, жобалық және қала құрылысына қатысты құжаттамалар әзірленіп жатыр. Бас жоспарға сәйкес, 2035 жылға дейін Астанада 140-қа жуық мектеп салу көзделген.

Бұдан бөлек, биыл тағы екі Оқушылар сарайы мен алты балабақша ашу жоспарланып отыр. Қалада оқу және білім беру орталықтарының құрылысына жеке инвестициялар да тартылуда.