Алматыда із-түзсіз жоғалып кеткен жігіттің денесі табылды

Бүгін, 11:03 / Нұрлан Әлинұр
Фото: alash.kz

Алматыда жоғалып кеткен 25 жастағы Ерзат Егізбай өлі күйінде табылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы іздеу жұмыстарына қатысқан еріктілер мәлімдеді. Айтуларынша, Жетісу ауданында із-түзсіз кеткен Ерзат Шалқарұлы Егізбайды іздеу қаралы хабармен аяқталған.

Марқұмның отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Осындай ауыр қасіретте сабыр мен төзім тілейміз. Өкінішке қарай, іздеу жұмыстары қаралы нәтижемен аяқталды, – делінген хабарламада.

Бұған дейін Ерзаттың жоғалғаны туралы арызды 19 мамыр күні оның ағасы Азамат Егізбай жазғаны туралы ақпарат тараған. Оның сөзінше, Ерзат шамамен сағат 14:30 шамасында Райымбек даңғылы бойындағы 147Б үй маңындағы құрылыс нысанынан шығып кеткеннен кейін байланысқа шықпаған.

Жас жігіттің телефоны соңғы рет Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданында, Есік саяжайлары мен «Көксай» бау-бақша серіктестігі аумағында белгі берген.