"Оқу жылының соңына жете алмадым": TikTok-пен танылған мектеп директоры ауруханаға түсіп қалды (ВИДЕО)

Бүгін, 21:08 / Жамбыл Жайлау
ozgeris.info

Мектеп директоры әрі әлеуметтік желіде танымал ұстаз Ақмоншақ Нұртаза денсаулығына байланысты ауруханаға түскенін хабарлады. Ол бұл туралы Instagram парақшасында жазып, оқу жылының соңына дейін шыдай алмай ауырғанын айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Оқу жылының соңына жете алмай, ауырып қалыппын. Бірақ шүкір, жақсы дәрігерлердің қолына түстім. Сіздердің ақ тілектеріңіз бен дұғаларыңыздың арқасында тез сауығып кетемін деп сенемін", – деп жазды ол.

Ақмоншақ Нұртаза соңғы үш жылда денсаулығына жеткілікті көңіл бөле алмағанын да жасырмады. Оның айтуынша, директорлық қызметке кіріскеннен бері өзін кейінге ысырып, дәрігерге қаралуға уақыт таппай келген.

"Директор болғаныма 3 жыл болыпты. Осы уақыт ішінде өзімді кейінге қалдырып, дәрігерге баруға уақыт таппадым. Үнемі жұмысты, уақытты сылтау еттім. Бірақ денсаулық күтпейді екен", – деді ол.

Ұстаз оқырмандарына өз денсаулығына бейжай қарамауға кеңес берді. Оның сөзінше, адам ең алдымен өзіне, содан кейін отбасы мен жақындарына керек.

Сонымен қатар Ақмоншақ Нұртаза медицина қызметкерлеріне алғыс айтып, наркозбен жасалған тексерістен кейін жағдайы жақсы екенін жеткізді.

"Денсаулық – бәрінен қымбат. Ауырмаңыздар. Дәрігерлерге ерекше құрмет. Біз, ұстаздар, кейде жұмысымызды қиын деп ойлаймыз, бірақ дәрігерлердің еңбегіне бас иемін. Аман болыңыздар, ақ халатты абзал жандар", – деп жазды ол.

Тэгтер:

Ақмоншақ Нұртаза