Шымкентте «Кітап оқитын ұлт» жобасының жеңімпаздары марапатталды

Бүгін, 20:22 / Інжу Әлихан

22 мамырда Шымкент қаласында «Кітап оқитын ұлт» жобасының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 16 мамырда қол қойған «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығының тікелей іске асырылуы болып табылады. Құжатта кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалған.

Шымкент қаласында жүзеге асқан ауқымды жоба 66 мыңнан астам қатысушыны қамтып, кітап оқу мәдениетін дамытуда маңызды рөл атқарды. Жоба Президент Жарлығында көрсетілген міндеттерді — халықтың, әсіресе жастардың арасында кітап оқудың орнықты дағдыларын қалыптастыруды, оқырман инфрақұрылымын дамытуды және ұлттық әдеби мұраны насихаттауды нақты іске асырудың үлгісіне айналды.

Салтанатты рәсімде 147 жеңімпаз марапатталды. 

Жеңімпаздар келесі бағыттар бойынша анықталды:

− «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші»

− «Кітап оқитын университет»

− «Кітап оқитын колледж»

− «Кітап оқитын әулет» 

− «Кітап оқитын педагог»

− «Кітап оқитын мектеп» (6, 7, 8, 9 және 10 сыныптар)

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Шымкент қаласының әкімі Ғабит СыздықбековПрезиденттің бастамасын қолдай отырып, былай деді:

«Мемлекет басшысының Жарлығымен кітап оқу мәдениеті мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналды. Біздің мақсатымыз — жастарды тек білімді ғана емес, сонымен бірге терең ойлайтын, рухани бай және бәсекеге қабілетті тұлға етіп тәрбиелеу. «Кітап оқитын ұлт» жобасы осы маңызды міндетті орындаудағы нақты қадам болды», — деді қала басшысы.

Іс-шараға белгілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері және білім саласының өкілдері қатысты. Жоба қаланың барлық аудандарын қамтып, 200-ден астам мектеп, колледж және жоғары оқу орнын біріктірді.

Жоба аясында 100-нан астам интеллектуалдық іс-шара — квиздер, дебаттар, кітап талқылаулары және эссе байқаулары өткізілді. Нәтижесінде кітапханаларға келушілер саны айтарлықтай өсті, ал жастар арасында кітап оқуға деген қызығушылық едәуір артты.

Салтанатты кеште жобаның үздік қатысушылары дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды. 

Жоба «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры және Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласының әкімдіктерімен бірлесіп, «AMANAT» партиясының қолдауымен жүзеге асырылуда.