Астанада «Қарызсыз қоғам» жобасының жұмысы таныстырылды

Бүгін, 17:29 / Інжу Әлихан
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Бүгін Астанада блогерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасының кеңсесіне келді. Пресс-тур барысында медиа қауымдастық қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетуге бағытталған Қазақстандағы ең ірі әлеуметтік жобалардың бірінің күнделікті жұмысымен танысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жоба директоры Олжас Ордабаев меймандар алдында сөз сөйледі.

«Біздің басты міндетіміз – сіздерге «Қарызсыз қоғам» қалай жұмыс істейтінін көрсету. Шын мәнінде, бұл – бірегей жоба. Себебі байланыс-орталығының заңгерлері күн сайын шамамен үш мың адамға қызмет көрсетеді. Бізге күрделі жағдайға тап болған, несие жүктемесі жоғары және төлем мерзімін кешіктірген азаматтар жүгінеді», – деді Олжас Ордабаев.

Заң блогының жетекшісі Самал Абаева жоба заңгерлерінің жұмыс ерекшелігін таныстырды.

«Бүгінде заңнамада қарыз жүктемесін реттеудің түрлі тетіктері қарастырылған. Олардың қатарында қайта құрылымдау, төлем қабілетін қалпына келтіру, соттан тыс және сот арқылы банкроттықты рәсімдеу қадамдары бар. Алайда тәжірибе жүзінде көп азамат ақпараттың аздығынан өз жағдайына қай механизмнің сәйкес келетінін түсінбей жатады. «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында заңгерлер азаматтарға тегін кеңес беріп, құқықтық талдау жүргізеді, қажет болған жағдайда құжат әзірлеуге және сотқа жүгінуге көмектеседі», – деді Самал Абаева.

Журналистер мен қоғамдық пікір көшбасшылары тек жұмыс барысын бақылап қана қоймай, кеңесші рөлін атқарып көрді. Олар «Заң кеңесшісінің рөлінде» атты тәжірибелік формат аясында азаматтардың нақты өтініштерін қарап, сотқа дейінгі және сот процесіне қатысты мәселелерді талдады. Сонымен қатар қонақтар жоба арқылы нақты көмек алған азаматтармен де тілдесті.

Қатысушылардың көбісін жоба аясында командаға артылатын жүктеме ауқымы таңырқатты. Күн сайын жоба кеңсесіне азаматтар тарапынан 900-ден 1 100-ге дейін қоңырау шалынады. Бұдан бөлек, қызметкерлер WhatsApp мессенджері арқылы 2 мыңға жуық диалогты өңдейді. 2026 жылы қаңтар-сәуір айлары аралығында call-орталығында атқарылған жұмыс аясында  91 777 қоңырау өңделді. Соның 40 558-і – кіріс, 51 212-сі – шығыс қоңыраулар. Сондай-ақ WhatsApp арқылы 112 505 диалог жүргізілді. Бүгінде жоба кеңсесі жұмысына ел аумағында 60-тан астам заңгер, өңірлік үйлестірушілер және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері тартылды.

Қонақтарға әрбір өтініш нақты уақыт режимінде тіркелетін CRM-жүйе таныстырылды. Жобаның жұмыс қағидаты толық ашықтыққа негізделген: бірде-бір өтініш жауапсыз қалмайды, нәтиже құжатпен расталады, ал мәселе шешілмеген жағдайда азаматқа оның себебі түсіндіріледі. Әсіресе, қарызды қайта құрылымдау, шоттардан бұғатты алып тастау және банкроттықты рәсімдеу ісіне қатысты өтініштерді 5 минутқа жетпейтін уақытта азаматтардың өз бетінше дайындауына мүмкіндік беретін Telegram Bot көпшілікті қызықтырды. Пайдаланушы деректерді жүктеген сәттен бастап, дайын құжат алғанға дейінгі барлық процесс автоматтандырылды. Бот қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді және Telegram желісінде тәулік бойы қолжетімді – @Qaryzsyz_Qogam_bot.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын ойдағыдай орындау мақсатында 2023 жылдан бері «AMANAT» партиясының бастамасымен «Қарызсыз қоғам» жобасы жүйелі жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт аралығында бір миллионға жуық азаматқа құқықтық көмек көрсетілді. Жалпы саны 988 885 заңгерлік кеңес пен қызмет ұсынылды. Соның ішінде, барлық өтініштің 45,6%-ы – қарыздарды қайта құрылымдау, 28,5%-ы – шоттардан бұғатты алып тастау, 5,3%-ы – банкроттықты рәсімдеу, 1,6%-ы – төлем қабілетін қалпына келтіру мәселелеріне, ал 19%-ы – өзге де консультациялық қызметтерге арналды. Құқықтық көмектен бөлек, 867 650 адам қаржылық сауаттылық бойынша онлайн-оқудан өтті. Барлық қызмет азаматтарға тегін көрсетіледі.