Жамбыл облысының Қордай ауданы полиция бөлімінің көші-қон қызметі қызметкерлері 42 жастағы тұрғынның құқықтық мәртебесін анықтап, оған Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін алуына көмек көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Азамат өмір бойы жеке басын куәландыратын құжатсыз жүрген. Құжаттарының және тұрақты тұрғылықты мекенжайының болмауына байланысты ол ұзақ жылдар бойы қиын әлеуметтік жағдайда өмір сүріп, азаматтық құқықтарын толық пайдалана алмаған. Қордай ауданына көшіп келгеннен кейін шалғай таулы аймақта малшы болып жұмыс істеген.
Полиция қызметкерлері алдымен оның жеке басын анықтау жұмыстарын жүргізіп, қажетті мәліметтерді қалпына келтіру, құжаттарын рәсімдеу, архивтік деректерді жинау және жеке мәліметтерін тексеру бойынша тиісті сұраныстар жолдады.
Нәтижесінде қажетті құжаттардың толық топтамасы дайындалды. Барлық кезеңде азаматқа құқықтық кеңес беріліп, практикалық көмек көрсетілді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 20 мамырда азамат алғаш рет Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін алды.
Ол Қордай аудандық полиция бөлімінің басшылығы мен қызметкерлеріне, сондай-ақ "Аяла" отбасын қолдау орталығына алғыс білдіріп, көрсетілген көмек оның өміріндегі жаңа кезеңнің басталуына себеп болғанын айтты.